Таиланд қазақстандықтардың визасыз жүру мерзімін 30 күнге дейін қысқартты

Таиланд 15 қыркүйектен бастап бірқатар мемлекеттің, оның ішінде Қазақстан азаматтарының визасыз жүру мерзімін 60 күннен 30 күнге дейін қысқартады.

magnific.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі елшілігі хабарлады.

Таиланд Министрлер кабинетінің тиісті шешімі күшіне енгеннен кейін Қазақстан азаматтарына Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасындағы ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімнің ережелері қолданылатын болады.

«Келісімге сәйкес, Қазақстан азаматтары Таиланд аумағында елге кірген күннен бастап 30 күнтізбелік күнге дейін визасыз жүре алады. Бұл ретте әрбір 180 күндік кезең ішінде болудың жиынтық мерзімі 90 күнтізбелік күннен аспауға тиіс», – делінген хабарламада.

Осыған байланысты елшілік өкілдері Таиландқа сапарлауды жоспарлап отырған қазақстандықтарды көші-қон режиміндегі өзгерістерді ескеруге кеңес береді.

Сондай-ақ елде 30 күннен астам уақыт болу қажет болған жағдайда, тиісті визаны алдын ала рәсімдеу керектігі ескертілді.