Сурдлимпиада жүлдегері былтыр уәде етілген баспанасын әлі алмағанын айтып, шағымданды

Маусым айында Алматы қаласының Қоғамдық кеңесіне Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарының командалық спорт түрлері бойынша күміс жүлдегері Дина Адамбаева жүгініп, 2025 жылы мемлекет тарапынан уәде етілген баспана әлі берілмегенін айтып, шағымданған.

instagram.com/deaflympkz

Астана, NEGE. Министрліктегілер екі бөлмелі пәтер ақпан-наурыз айларында беріледі деп уәде еткенімен, спортшы әлі күнге дейін пәтер кілтін ала алмаған. Тұрғын үй Алматы қаласы бойынша үш спортшыға берілмеген.

Алматы қаласының қоғамдық кеңесі Дина Адамбаеваның өтінішін қарап, нәтижесінде тұрғын үй беру рәсімі соңына дейін жеткізілмегені анықталған.

Кеңес мүшесі Алина Мурзаеваның мәлімдеуінше, Спорт басқармасы тиісті өтінімді әзірлегенімен, ол тиісті деңгейде сүйемелденіп, қорғалмаған. Соның салдарынан Тұрғын үй басқармасы қаржы бөлу мәселесін шешу үшін Экономика басқармасына өтінім жолдай алмаған.

«Бұл ретте 2026 жылы дәл осындай тәртіппен Михаил Шайдоровқа пәтер берілген. Бұл тұрғын үй беру тетігінің жұмыс істегенін көрсетеді. Алайда объективті себептерге байланысты ол сурдоспортшыларға қатысты іске асырылмаған. Қазіргі таңда мәселе оң шешімін таба бастады. Спорт басқармасы тиісті өтінімді әзірлеп, оны Тұрғын үй басқармасына жолдап жатыр», – деп мәлімдеді Алина Мурзаева.

Өз кезегінде Тұрғын үй басқармасы сатып алынатын үш пәтерді тауып қойған. Алина Мурзаеваның түсіндіруінше, Алматы қаласы мәслихатының тамыз айындағы сессиясында пәтерлерді сатып алуға қажетті қаражат қаралғаннан кейін, Экономика басқармасы қаржы бөледі.

Егер барлық рәсім белгіленген мерзімде аяқталса, Сурдлимпиаданың үш жүлдегеріне биыл қыркүйек айында жаңа пәтерлердің кілті табысталмақ.