Сұраған соманы берсе болды. Владимир Ким НЕГЕ RBK банкін сатуға жақын тұр?
Масштабын кеңейткісі келетін Freedom тобы үшін сатып алуға ең ыңғайлы кандидат – Bank RBK болып тұр. Nege.kz дереккөзінің сөзінше, «Bank RBK» АҚ қожайыны, олигарх Владимир Ким Қазақстандағы активтерін сату барысында банкті де қарастыруға қарсы емес екендігі туралы кәсіпкерлер ортасында сигнал берген.
Және оның алғышарттарын жасап қойған. RBK банкі 2025 жылдың соңында мемлекеттік қарызды мерзімінен бұрын толық өтеп, өзінің аяғын тұсап тұрған міндеттемеден құтылды. 2017-2018 жылы банк мемлекеттен 243,7 миллиард теңге қарыз алған болатын. Оған 75,5 миллиард теңге купондық сыйақы есептелгендіктен, қаржы ұйымының мемлекетке қайтарған жалпы сомасы 319,2 миллиард теңгені құрады.
Біршама уақыт бұрын Freedom тобының қожайыны Тимур Турлов активтер көлемі 2,5 триллион теңгеге шамалас орташа банкті сатып алу бойынша жоспарларымен бөліскен еді. Дәл қазір Қазақстанда мұндай сипаттамаға тек Еуразиялық банк пен Bank RBK келіп тұр.
Тақырыпқа орай: Қазақмысты сатса да. Владимир Ким НЕГЕ қазақ байлығынан кетпеді?
Бірақ Еуразиялық банкті басқарып отырған кәсіпкер Шухрат Ибрагимов «банк сатылмайды» деп ресми және қатаң мәлімдегені есте. Және Еуразиялық банктің мемлекет алдында 120 миллиард теңге қарызы бар. Оны қайтармайынша, мемлекет ешқандай сатып алу-сату мәмілелеріне рұқсат бермейтіні түсінікті.
Сондықтан дереккөздің RBK банк туралы емеуріні шындыққа жанасатын сияқты. Бұл Владимир Кимнің қазақстандық активтерден кету бойынша қазіргі стратегиясына сай келеді. Оның алдында олигарх акцияларының басым бөлігі өзіне тиесілі «Қазақмыс» тобын сатып жіберген болатын. Бұрын «Bank RBK» АҚ Қазақмыстың қаржылық транзакцияларын орындап келсе, енді оның сатылуымен Қазақстанда бөлек банк ұстап отыруға еш негізі жоқ. Себебі оның халықаралық активі болып саналатын «KazMinerals» тобы негізгі есеп-шоттарын шетелдік банктерде ұстайды.
Bank RBK қанша тұрады және оны сатып алу үшін Тимур Турловта қажетті ақша бар ма? Аудиттелмеген бөлек қаржылық есеп бойынша 2025 жылы банк 64 миллиард теңге таза пайда көрген. 2026 жылдың басында активтерінің көлемі 2,7 триллион теңге, міндеттемелері 2,47 триллион теңге, ал капиталы 245 миллиард теңгеге жетіп тұр. Владимир Ким пайда әкеліп тұрған мұндай тиімді қаржы ұйымын дисконтпен сата қояды деуге сену қиын.
Бірақ біз қазір айта алмайтын кейбір факторлар бұл процесті тездетуі де ғажап емес. Сондықтан сату мәмілесі 300 миллиард теңгенің айналасында жүруі ықтимал деп топшылаймыз. Ал Турловта мұндай ақша бар ма?
2025 жылдың қорытындысы бойынша «Freedom Holding» тобының капиталы 1,2 миллиард доллар болып тұрды. Оған қоса, Тимур Турлов қажет болса өзімен серіктес инвесторлардан қаржы тартып, синдикатталған пул жасақтай алады.
Егер тараптар биыл келісімге келе алса, онда ЦентрКредит тобы бастап, Forte қоштаған ірі банктердің орта банктерді өзіне қосып алу үрдісі жалғаспақ.
Сондай-ақ, Freedom активтері бірден өсіп, рэнкингтегі позициясын күшейтетіні анық.