Сүндет кей жағдайда АИТВ-инфекциясынан қорғайды – уролог
Адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация тек қыз балалар үшін ғана емес, ұл балалар үшін де маңызды болуы мүмкін.
Астана, NEGE. Уролог Азамат Сандыбайұлы қыздарға АПВ-ға қарсы екпе салуды қолдайтынын айтып, ұл балаларға да вакцинация жасау мәселесін қарастыру қажет екенін жеткізді. Әсіресе бұл медициналық көрсетілімдерге байланысты сүндеттелмеген азаматтар үшін маңызды.
Дәрігердің айтуынша, АПВ әйелдерде жатыр мойны обырына, ал ер адамдарда жыныс мүшесінің қатерлі ісігіне себеп болуы мүмкін.
«АПВ әйелдерде жатыр мойны қатерлі ісігін тудырса, ал сүндеттелмеген адамдарда АПВ мүше ісігіне әкеледі. Мұндай жағдайда мүшені алып тастауға тура келеді. Дегенмен АПВ сүндеттелген адамға мүлде жұкпайды деген сөз емес», – деді маман NEGE арнасына берген сұхбатында.
Урологтың сөзінше, сүндеттелу АПВ жұқтыру қаупін азайтуы мүмкін. Ол кей жағдайда сүндеттің АИТВ инфекциясынан да қорғануға ықпал ететінін айтты.
«Негізі сүндет АПВ-дан қорғайды, тіпті кейде АИТВ инфекциясынан қорғайды. Сүндет жасап, жынысты сауатты болып, өз нәпсісін тыя алатын азамат болса, екпе салдырмай-ақ қоюға да болатын шығар. Бірақ қалған жағдайларда салдырған дұрыс деп есептеймін», – деді Азамат Сандыбайұлы.
Уролог ер азаматтарға басқа да онкологиялық аурулардың алдын алуға мән беруге шақырды. Оның айтуынша, ерлерде бүйрек, қуықасты безі және аталық без ісіктері кездеседі.
Әсіресе аталық без ісігін ерте анықтау маңызды. Дәрігердің сөзінше, адам жуыну кезінде аталық без аймағында түйін немесе басқа да өзгеріс байқаса, бірден маманға қаралуы керек.
Айта кетейік, NEGE бұған дейін қатерлі ісікті емдеудің заманауи тәсілдері туралы Ядролық медицина орталығының жетекші маманы Қуантқан Жабагинмен сұхбаттасқан болатын.