Сұйылтылған мұнай газын өндірудің өзіндік құны қанша?
ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев сұйылтылған мұнай газын өндірудің өзіндік құны туралы мәлімет берді.
Алматы, NEGE. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Энергетика министрі Маңғыстау облысындағы газ бағасына қатысты түсініктеме берді.
«Жергілікті тұтынушыларды қолдау үшін газдың бағасы реттелді және тоннасына 38 мың теңге деңгейінде белгіленді. Яғни экспорт бағасынан 5-6 есе төмен. Бұл ретте «Қазақ газ өңдеу зауытында» өзіндік құны тоннасына шамамен 100 мың теңгені құрайды. Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының бағасы өңірдегі ең төмен баға. Сәйкесінше, төмен деңгейдегі баға газ өндірісін ұлғайтуды ынталандырмайды. 2020 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамту үшін 1,4 млн тонна мұйытылған мұнай газы өндірілді. 2021жылы ішкі нарықтағы тұтыну 1,6 млн тоннаға дейін өсті. Бұл ретте газ өндірісі өсіп жатқан жоқ. Ал тозығы жеткен зауыттардың жиі жөнделуі жалпы өндірістің төмендеуіне әкеп соғуда», - деді министр
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі сұйытылған газ бағасынан басталған парақшасында Жаңаөзендегі жағдайға қатысты жазба жариялаған болатын.
«Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс. Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек», делінген жазбада