Стример әйел TikTok-тағы эфирден кейін психикалық ауруханаға жатқызылды

TikTok әлеуметтік желісінде «Алтын қыз» лақап атымен танылған Жамбыл облысы Байзақ ауданының 41 жастағы тұрғыны Лайло Қасымова психикалық денсаулық орталығына жатқызылды.

Видеодан кадр/instagram.com/zhambyl_police

Астана, NEGE. Облыстық полиция департаменті өкілдерінің хабарлауынша, ол тікелей эфирлер барысында балағат сөздер қолданғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда бірнеше рет ескерту жасалып, профилактикалық жұмыстар жүргізілгеніне қарамастан, ол бұл әдетін тоқтатпаған. Ол өзінің кәмелетке толмаған балаларын да балағаттаған.

«Жедел медициналық жәрдем бригадасының тексеруінен кейін Лайло Қасымова ем қабылдау үшін Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығына жатқызылды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

Полиция, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен басқа да мүдделі қызметтер балалардың тұрмыс жағдайын тексерген. Қазіргі уақытта балалар әкесінің қарауында.