«Сталкинг, қыз алып қашу»: Депутаттың полиция жұмысына көңілі толмайды
Абзал Құспан зорлықпен алып қашуға қарсы профилактиканы күшейтуді талап етті.
Астана, NEGE. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қыз алып қашуды ешбір жағдайда ақтауға болмайтынын айтты.
«Қыз алып қашу – сөзсіз қылмыс. Қыз алып қашудың да формасы бар. Егер екеуара келісіммен жүзеге асатын болса, онда да олар кәмелет жасына толған азаматтар болса, онда әрине бұл қылмыс болмайды. Қалған жағдайда, зорлықпен жасалған әрекеттің барлығы – қылмыс. Тіпті ер адамды ұстап алып, мәжбүрлі түрде бір нүктеден екінші нүктеге апарсаңыз, сіз "Адам ұрлау" бабымен сотталасыз. Ал неге қызды ұрлаған кезде ол қылмыс болмауы керек? Сондықтан, бұл – қылмыс», – деді Абзал Құспан.
Мәжілісмен өткен жылы депутаттық сауал қойып, Үкіметке ресми хат жолдағанын еске салды. Құжатта заңды түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін нақты көрсеткенін айтты. Себебі көптеген жәбірленуші өз құқықтарын білмейді, ал олардың туыстары мұндай әрекеттерді әлі күнге дейін «дәстүр» ретінде қабылдайды-мыс. Әсіресе оңтүстік өңірлерде бұл мәселе өзекті екенін атап өтті.
«Оңтүстік аймақтардан тек Қызылорда облысы ғана шақырды. Өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жеке өзі телефон арқылы шығып, "осы заңдарды бізге түсіндіріп беріңізші, мен халықты жинайын" деп айтты. Қалған оңтүстіктің өзге өңірлері бұл мәселеге селт етпеді», – деді Мәжіліс депутаты.
Мәжіліс депутаты қоғамда құқықтық сауаттың әлі де төмен екенін айтып, осының салдары ауыр жағдайларға алып келіп жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, марқұм Нұрай Серікбайдың тағдыры да заң тетіктерінің дұрыс қолданылмауынан ушыққан. Оның сөзінше, егер сталкингке қатысты нормалар немесе Қылмыстық кодекстің 125-бабы дер кезінде қолданылғанда, бұл оқиға мүлде басқа арнада өрбуі мүмкін еді.
«Алайда практика көрсеткендей, полиция қызметкерлері арыздарды қабылдау және қарау барысында заң талаптарын толық сақтамай отыр. Осы себепті сталкинг, қыз алып қашу секілді әрекеттерді қылмыстандыру ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында енгізілген болатын. Бұл нормалар өткен жылы күшіне енді», – деді Абзал Құспан
Оның айтуынша, өткен жылы күшіне енген өзгерістерді іс жүзінде қолдану кезінде әлі де көп қиындық бар.