Іссапар чектері тапсырылмаса, жалақыны толық ұстап қалуға бола ма?

Әлеуметтік желіде еңбек құқығына қатысты тағы бір дау талқыланып жатыр. Threads қолданушысы Әсел бұрынғы жұмыс берушісі жалақысын толық ұстап қалмақ болғанын айтып, көпшіліктен кеңес сұраған.

ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Әселдің айтуынша, ол 22 мамыр күні компаниядан жұмыстан шыққан. Алайда бірнеше күннен кейін жұмыс беруші іссапар шығындарына байланысты жалақысы ұсталып қалатынын хабарлаған. Бұған кейбір шығындар бойынша чектердің тапсырылмағаны себеп болған.

«Барлық іссапар басшылықтың тапсырмасымен өтті. Өз жұмысымды адал әрі жауапкершілікпен атқардым. Енді жалақым толық ұсталып қалса, екі баламен қиын жағдайда қаламын», – деп жазды тұрғын.

«Халықаралық еңбек қауіпсіздігі институты» ЖШС сарапшысы Ренат Рамазановтың сөзінше, мұндай жағдайда нақты құқықтық баға беру үшін алдымен барлық құжат тексерілуі керек. Ол үшін азамат мемлекеттік еңбек инспекциясына e-Otinish платформасы арқылы арыз жолдай алады.

Сарапшы жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан босатар алдында барлық қаржылық және іссапар құжаттарын тексеруге тиіс екенін айтты. Сондай-ақ қызметкерге берешек немесе өтелмеген шығын туралы алдын ала ескертуі керек болған.

«Жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан шығарар алдында барлық құжатты тексеріп, бұйрық шығармас бұрын берешек мәселесін нақтылауы тиіс еді. Сондай-ақ қызметкерге қарыз немесе өтелмеген шығын туралы алдын ала хабарлау міндеттеледі», – дейді маман.

Ренат Рамазанов Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкер жалақысының тек 50 пайызына дейін ғана ұстап қала алатынын атап өтті. Ал жалақыны толық ұстап қалу заңға қайшы.

Дегенмен сарапшы қызметкердің де жауапкершілігі бар екенін айтты. Оның сөзінше, іссапардан кейін жұмсалған қаражат бойынша есеп беріліп, барлық чек пен құжат уақытылы тапсырылуы тиіс. Сондықтан жұмыс берушінің құжатпен расталмаған шығынды қайтаруды талап етуі заңды.

«Бұл жағдайда жұмыс берушінің қаражатты қайтаруды талап етуге құқығы бар. Алайда оны өндіру тәсілі дұрыс қолданылмаған. Заң бойынша жалақының 50 пайызын ғана ұстап қалып, қалған соманы сот тәртібімен өндіру қажет», – деп түйіндеді сарапшы.

Қазір оқып жатыр

Алматы облысында «Достық үйінің» іргетасы қаланды

Энергетика министрлігі Теңіз кен орында ақау шыққанын растады

Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақты «бос сөз» алаңына айналдырмауға үндеді

Теңіз кен орнында тағы бір апатты жағдай болды