2 марта 2026 г. 19:22

Спорт министрлігі Олимпиадаға қатысқан 35 спортшының жалақысы туралы сұрақты жауапсыз қалдырды

Фото: Сали Сабиров

Туризм және спорт министрлігі қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғаған Михаил Шайдоровтан басқа спортшылардың жалақысы туралы ашық ақпарат бермеді.

Астана, NEGE. Миланда өткен ойындарға Қазақстан атынан 36 спортшы қатысты. Команда қоржынына жалғыз жүлдені Михаил Шайдоров салды. Соның арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 19-орынға табан тіреді. Михаилдың жеңісінен кейін министрлік оның дайындығына 263 млн теңге бөлінгенін, оның 33,9 млн теңгесі спортшының жалақысы екенін ресми түрде хабарлаған.

Осы орайда NEGE редакциясы қалған 35 спортшының әрқайсысына қанша қаржы жұмсалғанын нақтылау үшін министрлікке ресми сауал жолдады.

Алайда вице-министр Серік Жараспаев бұл сұраққа нақты жауап бермей, тек төрт жылдық олимпиадалық циклге республикалық және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ демеушілер есебінен 13,3 млрд теңге бөлінген айтумен шектелді.

Вице-министр Серік Жараспаевтың қолы қойылған жауапта бөлінген қаражат спорттық құрал-жабдықтар мен киім-кешек алуға, спортшы-нұсқаушылар мен жаттықтырушылардың еңбекақысын төлеуге, оның ішінде шетелдік мамандарды тартуға, медициналық-фармакологиялық қамтамасыз етуге, халықаралық жарыстар мен лицензиялық турнирлерге қатысуға, ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуге және оқу-жаттығу жиындарын өткізуге бағытталғаны көрсетілген.

Дайындық сапасын арттыру мақсатында Нидерланд, Польша, Германия, Румыния, Ресей, Беларусь, Болгария және Словения елдерінен әлемдік деңгейдегі 13 шетелдік жаттықтырушы-кеңесші тартылған.

Сонымен қатар, редакция Милан Олимпиадасына барған қазақстандық делегацияның қатысуына қанша қаражат жұмсалғанын, делегация құрамында неше адам болғанын және шығындар құрылымы туралы толық ақпарат беруді сұрады. Атап айтқанда, олар қай қонақжайда тоқтады, жүріп-тұруына қанша қаражат кетті?

Алайда бұл сауалдарға да нақты жауап берілмеді.

Делегация құрамында 36 жаттықтырушы, 8 медицина қызметкері, 5 бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, 5 министрлік қызметкері, 6 Спортты дамыту дирекциясының қызметкері және 14 Ұлттық олимпиадалық комитет өкілі болғаны хабарланды.

Сонымен қатар бекітілген аккредитациялық квоталар аясында министрлік, Спортты дамыту дирекциясы және Ұлттық олимпиадалық комитет өкілдері әр кезеңде, аккредитация мерзіміне сәйкес кезекпен қатысқаны айтылған.

Делегацияның сапары бекітілген смета шегінде бюджет қаражаты және бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылғаны мәлім болды.

Алайда делегация мүшелері қай жерде тұрғаны, оларға тәуліктік төлем төленген-төленбегені және бұл сапарға нақты қанша қаржы жұмсалғаны туралы сұрақтар жауапсыз қалды.