6 мая 2025 г. 12:54

«Шерзаттың қолынан кастет байқадым» – Сотталушы Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр

Фото: Жоғарғы сот

Бүгін Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.

Алматы, NEGE. Бүгінгі сот отырысында Шерзат Полаттың өліміне қатысты 9 айыпталушыдан жауап алу басталды. Бірінші болып Дархан Әскентайдан жауап алынып жатыр. 

Сот барысында Дархан Әскентай сотқа дейінге берген жауаптарымен келіспейтінін мәлімдеді.

«Мен 3-нен 4-не қараған түні менен жауап алынып, тергеу болды. Мен ол кездегі сұрақ-жауаптармен толықтай келіспеймін. Өйткені, сол күні 24 сағат қамалған балалардың ішінде жетеумізге қысым келтірілді. Бір жағынан өзім жарақат алғаннан кейін дұрыс жауап бере алмадым. Сосын қысым болғандықтан, ойымды жинақтай алмай дұрыс жауап бермедім. Бүгін болған оқиғаны, істеген іс-әрекетімді айтуға шешім қабылдадым. Ол кезде бізде қорғаушы болмады. Кешкіге дейін бізді телефонға түсірді, кабинеттен-кабинетке тасыды», - деді Дархан Әскентай.

Ол өзінің бұрын сотталмағанын айтты. 

«Мен сол сағат 23.00-де досымның көлігінен жолдан түсіп қалып, «Қамажай» дүкеніне кірдім. Дүкенге сыра сатып алу үшін келдім. Үш бөтелке сыра мен темекі кассаға қойдым. Қаржаубаймен сол кезде таныстым. Жалпы құны 1300 теңге болды. Оны Нұрымовқа бөлшектеп – 1000 теңгені Kaspi-де, қалғанын қолма-қол төлейтінімді түсіндірдім. Досымның інісі Бекнұрға хабарласып, нөмір айтамын, ақша аудар деп ескерттім. Сол күні сағат 17.00-18.00 шамасында Олжасқа маған ақша керек болып жатса, маған ақша аударасың деп айтып қойғанмын. Өйткені, менің Kaspi есеп-шотым болмағандықтан, ақшамды Олжас деген досыма аударатынмын. Содан алып отырдым. Сол кезде Олжас: «Ұйықтап қалуым мүмкін, менің балдызыма хабарлас. Сол балдызыма ақша салып қойдым, балдызымнан алып тұрасың», - деді. Сол себепті мен Бекнұр деген балдызына хабарласып, өтініш жасадым. Төлем түскен Светлана К. есеп-шоты досымның енесіне тиесілі. Мен сол күні сырамды алып, дүкеннен шығып кетіп бара жатқан кезде, біреу қоңырау шалды. Мен телефонды алып үлгермедім, телефон өшіп қалды. Сол себепті қайта дүкенге келіп: «Аға, телефонымды 5-10 миунтқа қуаттап беріңізші», - деп Қаржаубайдан өтіндім. Ол кісі қуаттандырғышқа қойып берді. Сыраны дүкеннің ішінде ішкен жоқпын. Оны тек соққы алғаннан кейін досыма хабарласып, күтіп тұрған кезде 3-4 мәрте іштім. Дүкенге кіргенде сау күйде болдым», - деді айыпталушы. 

Дархан Әскентай өзіне Шерзат Полаттың не себепті соққы жасағанын түсіндіріп берді.

«Мен сол күні телефонды қуаттап беруін өтінгеннен кейін далаға шығып, сырамды енді ішейін деп тұрғанмын. Сол уақытта 2-3 минут өткен жоқ маған хабарласып жатыр деген соң дүкенге кіріп бара жатқан кезде Қаржаубай телефонды Шерзатқа берді. Шерзат маған телефонды бергеннен кейін сыртқа шықтым. Маған сол кезде Бекнұр деген бала хабарласыпты. Сосын тағы хабарламалар келіп тұр екен, телефоннан олар кім екен деп қарап тұрған кезде Шерзат маған ашулы түрмен: «Сен менің әкеме бірдеңе дедің бе? Не дедің?», – деді. Мен оны түсінбей қалдым. Болған жағдайды түсіндірдім. «Болмаса жүр әкеңе барып, сұрайық. Мен сенің әкеңе ештеңе дегенім жоқ», – дедім. Қарасам, қолында кастет тұр екен. Мен байқап, қашып үлгерген жоқпын. Алды да оң көзімнен ұрып жіберді. Бір соққы жасады, мен 2-3 метрге шегіндім де, бетімді ұстап сол жерде тұрып қалдым. Ес-түсімді жоғалтып, қалай, не үшін ұрып жібергенін түсінбей қалдым. Сол сәтте Қаржаубай шығып, қайтадан кіріп маған су әкеліп берді. Бетімді жуып жатқанда Қаржаубай Шерзатқа не үшін ұрасың деп айқайлап жатты. Мен сол кезде көлікпен жүргендіктен Нұрбол досыма хабарластым. Одан мені алып кетуін өтіндім. Ол менің өтінішімді қабылдап, алып кететін болды. Мен сол күні Шерзатты анасынан боқтаған жоқпын. Өйткені менің анам 2018 жылы көз алдымда көз жұмған. Мен оны анасынан боқтайтындай жағдайым да жоқ, денсаулығым да жоқ», – деді Дархан Әскентай.

Сол күні Шерзаттың қолында кастет болғанын Дархан Әскентай тергеу кезінде айтпаған.

«Болған оқиғадан кейін бір сағаттан кейін бірінші болып мен ұсталдым. Менен кейін қалған балалар келді. Оларды алып келгенше маған қысым жасап, іс-әрекетімнің дұрыс еместігі туралы көп сөз естігеннен кейін шошып қалдым. Оқиға орнында мылтық атылған кезде мен бір бала мылтықтан өліп кетті ме деп шошыдым. Сол сәтте шок жағдайда болдым. Мені кастетпен ұрып жіберген кезде бет сүйегімнің сынғанын білген жоқпын. Қаржаубай екеуміздің арамызда ақшаңды төлеп беремін, ешкімді шақырма, ұрма-соқпа деген әңгіме болған жоқ. Мен досыма хабарластым, ол келгенде «ағалағаннан» басқа ештеңе деген жоқ. Нұрбол «неге жедел жәрдем шақырмайсыздар, қазір мен келіп тұрмын алып кетуге» деді. Ақша сұрау, ақша беру туралы бұл жерде әңгіме болған жоқ. Ақша туралы әңгіме болса, ол 2-3 рет 500 теңге, 1500 теңге төленген жоқ, толықтай төлеген жоқ деп маған да, Нұрболға да айтпайтын еді. Мен сол күні чекті де көрсеттім. Мен төлемеген болсам, ол жерге қайта айналып бармайтын едім ғой», – деді сотталушы. 

Дархан Әскентай сотталушылардың арасында тек Нұрбол Тоқтаубайды ғана танитынын атап өтті.

«Мен сотты болмай тұрып, бұл жігіттерді көргенім жоқ. Болған оқиға күні көрдім, танысып та, сөйлесіп те үлгерген жоқпыз. Мен оларға хабарласпадым», – деді ол.

Сотталушы Дархан Әскентайдың айтуынша, ол бір топ жігіттің қайдан келгенінен хабарсыз болған.

«Біз ешкімге хабарласпай тып-тыныш Нұрғанатпен сөйлесіп тұрғанбыз. Сол уақытта Қаржаубай шығып, аузына келгенді айтып, балағаттады. Ол жерде Шерзат: «Әке, болды, керек емес», деп ажыратып тұрды. Сол жерде Нұрбол: «Ақшаңызды бір емес, екі рет төледік. Бағана мен сізден кешірім сұрадым. 103-ті де шақырмағансыз. Мен өзім досымды алып кетуге келіп тұрмын», деді. Мен сол жерде чекті көрсетіп, дәлелдедім. Ол менің телефонымды жұлып алды. Сосын мен дүкеннің артынан барып, телефонымды әкел дедім. Дүкеннің ішіне кірдім, ол маған телефонды қайтарып берді. Далаға шығайын деп жатқанда бір көлік тоқтады. Ішінен балалар шықты, сол жерде Нұрғанат, Шерзат тұрды, Шерзаттың 2-3 дос баласы болды. Нұрбол біреумен сөйлесіп тұр екен. Мазасын алмайын деп мен көлік жақта күтіп тұрдым. Нұрбол келген соң, сол сәтте балалар келіп қалды. Олар сол маңнан өтіп бара жатып келді ме, қалай келгенін білмеймін. Олардың дүкенге кіретіні дүкенге кіріп жатты. Сол кезде біреуі Нұрболдан «мына жақта не істеп жүрсің, кімді ұрып жіберді, не болды?» деп сұрады. Нұрбол «дос баламды ұрып жіберіпті, соны алып кетуге келдім, бәрі жақсы» деді. Біз қайтайық деп тұрғанбыз. Сол сәтте Қаржаубай шығып, пышақпен оқталды. Ол пышақпен шыққаннан кейін бір бала теуіп жіберді. Нұрбол бәрі дұрыс, сөйлесіп тұрмыз деп айтып жатты. Сол сәтте Шерзат келген балалардың біреуін ұрып жіберді. Аяқ астынан төбелес басталып кетті. Мылтық атылды. Қаржаубайдың дүкеніне қарама-қарсы тағы бір дүкен бар. Мен сол жаққа қарай жүріп кеттім. Сол жерге барып тұрғанда «Тоқтаңдар, атамын!» деген дауыс шықты. Ол мылтықты балаларға қарай атты. Мен не жағдай болғанын түсінбей қалдым. Күтіп тұрып қалдым. Қарасам, Нұрболды көрдім. Нұрбол үстіндегі курткасын лақтырғандай болды. Нұрболға қарай бара жатсам, бір бала құлап жатыр екен. Сұр спроттық киімдегі бала «жедел жәрдем шақырыңдар» деп айғайлады. Нұрғанат барып құлады, сол жерде төбелес болып жатты. Мен де бір-екі соққы алдым. Сосын төмен қарай түсіп кеттім. Қарасам, Нұрболдың көлігі жоқ, алыста тұр екен. Көлікке қарай барайын дегенде қара мерседестің артынан Нұрболдың даусын естідім. Ол: «Дархан, отыр, кеттік», деген соң көлікке отырып, кетіп қалдық»– деді Дархан Әскентай.