Сот пен алқабилердің текетіресі: Королевская бүлдіріп қойды
Мамандандырылған әскери соттың судьясы Тамара Королевская астананың он алқабиін қылмыстық жауапкершілікке тартып, оларды процестен шеттеткен.
Осы мәселеге байланысты «Men media» кросс-медиа платформасы Ұлттық баспасөз клубымен бірлесіп баспасөз мәслихатын ұйымдастырды.
Жиынға елордалық құқық қорғаушылар Мәулен Әлімбаев пен Қанат Көшенов және бұрынғы алқаби Гүлнар Бейсенбаева қатысты.
Қанат Көшеновтың айтуынша, әскери сотта қылмыстық ісі қаралған бұрынғы алқабилер ҚР ҰҚК-нің бұрынғы кадр қызметкері А.Алпысбаев, астаналық кәсіпкер М.Хасенов пен азамат С.Логвиненкоға қатысты іс дұрыс қаралған. Алайда аты аталған үш азамат 2015 жылы бір кәсіпкерге қастандық жасады деп айыпталып, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылады.
«Үкім заңды күшіне енгеннен кейін 2015 жылы оның күші заңсыз деп танылып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асановтың ұсынымы бойынша сотталушылар мен алқабилердің құқықтарының бұзылуына байланысты қайта қарау үшін сол сотқа кері қайтарылды.
Тиісінше, он алқабидің қатысуымен өткен сот отырысы іс жүзінде алқабилердің екінші құрамы болып, бірінші құрам секілді үш сотталушыны ақтауға келісті. Алайда алқабилерді қызметтік құпияны жария етті деп айыптап, күтпеген жерден іс жүргізу мәртебесінен айырды. Жаза есебінде 50 күннен кейін әрқайсысына қатысты ірі айыппұл (200 АЕК) түрінде әкімшілік жауапкершілік жүктелді», – дейді Қанат Көшенов.
Алқабилердің құқықтарын қорғап жатқан адвокаттар сот органы әрекеттерінің заңсыздығына сенімді болып отыр. ҚР Әскери сотының бұл әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыпталған М.Алпысбаев, М.Хасенов пен С.Логвиненконы ақтаған алқабилердің шешімімен байланысты.
Мәулен Әлімбаевтың айтуынша, алқабилерге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар заңсыз қозғалған. Сондай-ақ ол 10 алқабидің қызметтен қуылуына Тамара Королевскаяның қатысы бар деген пікірде.
«Әскери сот өз ісінің нағыз маманы болып саналатын 10 азаматты алқаби ретінде тағайындаған болатын. Оларды «өз пікірлеріңізді сыртқа жарияладыңыздар» деген желеумен алқабиліктен алып тастады. Заң бойынша алқабилерге кеңесу бөлмесінде өз пікірлерін айтуға тыйым салынған.
Қызметінен аластатылған алқаби Гүлнар Бейсенбаеваның айтуынша, мамандандырылған әскери соттың судьясы Тамара Королевская түскі үзілісте келіп, олардың пікірлерін біліп жүрген. Заң бойынша бұл заңсыз іс-әрекет болып саналады. Ал ол алқабилерді осалдығын пайдаланып, арада 55-58 күн өткенде 10 алқабиді жазаға тартып жатыр. Ал заң бойынша әкімшілік хаттаманы 3 ары кетсе 10 күннің ішінде толтыру керек. Оның өзінде сараптама өткізген жағдайда ғана 10 күнге дейін созылуы мүмкін. Ал олар екі айдан кейін хаттама толтырып отыр. Бұл – бірінші заңсыздық. Жалпы аталған хаттамада бұдан да өзге заңсыздықтар бар. Мәселен хатама куәгерлердің қатысуынсыз жазылған», – дейді ол.
Құқық қорғаушылар іс әділетті шешілмейінше тоқтамайтынын айтады. Қазіргі уақытта алқабилер ісінің барлық материалдары Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қарауына берілді. Ол бойынша шешімдер әлі қабылданған жоқ.