24 июня 2024 г. 17:20

Сот жүйесінің реформасы не береді?

Фото: Ашық дерек көздерінен

Елімізде сот жүйесінде бірқатар реформа жасалды. Бірақ басты өзгеріс алдымызда. Өйткені, Парламент Мәжілісінде «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі» туралы заң жобасы қаралмақ. Мәжілістің жұмыс топтары ұсыныстарды қарап жатыр. Сот жүйесіндегі келелі реформалардың келбеті сол жерде айқындалуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген түбегейлі өзгерістер осы заңға енгізілуі қажет. 

«Сот реформасы – бұл құқықтық мемлекеттің маңызды критерийі, инвестициялық тартымдылықтың негізі, жекеменшік құқығын қорғауды қамтамасыз ету. Сот жүйесін реформалаудың жаңа тәсілдері судьялардың тәуелсіздігін одан әрі нығайтуды, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруды, сот төрелігін іске асыруға жаңа кәсіби кадрларды тартуды ынталандыруды, сот процесінің ыңғайлылығы мен тиімділігін көтеруді қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өткен еді Президент.

Сот жүйесіндегі жаңашылдықтардың бірі сол, бұдан былай қылмыстық және азаматтық істер бойынша шағымдарды сот алдын ала қарамайтын болады. Оның орнына 2025 жылдан бастап дербес шағым беру инстанциясы құрылмақ. Шағымдарды қарайтын соттардың пайда болуын жұрт жылы қабылдап отыр. Өйткені, бүгінде сот үдерісінің қатысушыларының дені шағым беру құқығы жоқтың қасы. Бұл азаматтық іске де, қылмыстық іске де қатысты. Осы құрылымды жасаудың өзі заңға көп өзгерістер мен түзетулер енгізуді талап етеді.

«Тура биде туған жоқ, туған биде иман жоқ» деп қазақ бекер айтпаған. Судьялардың тәуелсіздігі – ас маңызды. Тәуелсіз сот, соттардың мәртебесі туралы талайдан бері айтылып жүрген мәселе осы жолы түбегейлі шешімін табуы тиіс. Соттардың тәуелсіз шешім қабылдай алуы – дала дәстүрінде ежелден бар нәрсе. Десе де, тәуелсіз болуы үшін судьялардың төрт құбыласы түгел болуы шарт. Әлеуметтік мәселелерін айтпағанда, материалдық-техникалық жағынан таршылық көрмегені құба-құп.

Мемлекет мұны жақсы түсінеді. Сондықтан 2023 жылы түзілген сот жүйесінің бюджеті осыны көрсетсе керек. Сот жүйесін қарсыландыру үшін республикалық бюджеттен 6,5 пайыз қаражат бөлінбек. Бұл өте қомақты қаражат.

Талқыланып жатқан жаңа заңдағы ең өзекті жайттың бірі – судьялардың сайлану мәселесі. Судья тәуелсіз болуы үшін ең алдымен сот жүйесіндегі билік тармақтарынан әсте-әсте арылған ләзім. Мәселен, қатардағы судья аудандық сотқа, аудандық сот облыстық сот алқасына бағынады. Осылайша биліктің тармағы Жоғарғы сотқа дейін жетеді. Судьялардың жоғары билікке түбегейлі бағыныштылығы әділ шешімге күмән туғызады. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «құқықтың үстемдігі, тәуелсіздік және судьялардың әділдігі – сот реформасының басымдық берілген бағыты» екенін атап өткен-ді.

Кейбір сарапшылар мен депутаттар аудандық және облыстық соттың алқа төрағаларды сайлауды ұсынып жатыр. Яғни, «дауыс беру құқығы аудандық немесе облыстық сотта істейтін судьяларда болсын» дегендей. Десе де, бұл мәселе бойынша әлі де қызылкеңірдек айтыс-тартысқа әкелгенімен, ортақ байламға тоқтап, соңында заң шығарушы орган өзінің кесімді шешімін айтады деген үміт бар.

Қазір Жоғарғы сот азаматтық және қылмыстық істі қараудың бірыңғай тәжірибесін енгізуді көздеп отырса, Мәжіліс сот жүйесінде сыбайлас жемқорлықтың барынша азайту тетіктерін қарастырып жатыр.

Ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктеріміз де аз емес. Соның бірі – сот жүйесі ашық бола түсті. Қазір барлық облыстық және республикалық маңызы бар қалалар сотының сот отырыстары туралы жаңалықтар мен түсініктемелер жарияланатын парақшалары бар. Сотқа электронды түрде арыз жазуға болады. Мұның бәрі биліктің – сот жүйесін жаңартуға қарай жасаған қадамдары. Мақсат – соттың тиімділігін, ашықтығын және тәуелсіздігін арттыру.

Бір қызығы, сот жүйесіндегі әлемнің алдына шығып кеткен тұстарымыз да бар. Мәселен, ақпараттару, цифрландыру тұрғысынан әлемде төртінші орында екенбіз. Бұл соттардың әділ шешім шығаруына көп көмегін тигізеді. Қазірдің өзінде әкімшілік, азаматтық, тіпті қылмыстық істерге дейін онлайн қарастырылып жатыр.

Десе де, Міржақып Дулатұлы «Халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот – сот емес, сор» деген сөзін ұмытпаған жөн. Жеңіл-желпі істерде технологияға арқа сүйегенмен, күрделі қылмыстық істерді қара қылды қақ жаратын судьялардың өзі қарағаны абзал. Өйткені, адамның жанын адамнан артық түсінетін ешкім жоқ.

Айта кету керек, соңғы бес жыл ішінде сот жүйесінде бірқатар кешенді шаралар қолға алынды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған жаңа Әкімшілік кодекс енгізілді. Үш жылдың ішінде әкімшілік юстиция қажеттілігін дәлелдеп берді. Жаңа 21 жаңа сот құрылды. Аймақтарда сот алқалары және Жоғарғы сотта өзгеріс болды. Алқа билердің қатысуымен өткен сот отырыстары көбейді. 2023 жылы 31 іс, 2024 жылы 44 қылмыстық іс қаралған.

Президент жанынан жаңа мемлекеттік құрылымдар құрылды. Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік, Бәсекелестікті қорғау және дамытуды қорғау жөніндегі агенттік, Қаржылық мониторинг агенттігі жұмысын бастап та кетті. Прокуратура және Адам құқығы жөніндегі өкілет тәрізді құқық қорғау институттары конституциялық мәртебеге ие болды. Әр қазақстандықтың құқығын қорғайтын жаңа орган – Конституциялық сот құрылды.

Бұл іс бекер қолға алынып жатқан жоқ. Сот жүйесіне деген сенім, мемлекетке деген сенімді артырады. Ал соттың әділдігі – мемлекетте әділеттілік бар деген сөз. Сот жүйесіндегі реформалардың маңызы осында.