Сот «Шымбұлақ» шатқалына көліктің кіруін шектеу Конституцияға қайшы екенін анықтады

Конституциялық сот Алматы әкімдігінің «Шымбұлақ» шатқалының ерекше қорғалатын табиғи аумағына электромобильден басқа көлік құралдарының кіруіне шектеу қоятын қаулысының Конституцияға сәйкестігін тексерді.

yandex.kz

Астана, NEGE. Конституциялық сотқа Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің құрамына кіретін «Тұйықсу» шатқалында тұратын тұрғын шағымданған. Ол өз үйіне Медеу-Шымбұлақ автомобиль жолымен «Шымбұлақ» шатқалы арқылы жете алатынын, алайда «Тұйықсу» шатқалына асфальт  жолдың болмауы электромобильдің қозғалысын қиындататынын жеткізген. Оның пікірінше, әкімдік қаулысы өз үйіне жетуін және еркін жүріп-тұру құқығын шектеген. 

Тексеру нәтижелері бойынша Конституциялық сот дау айтылып отырған қаулыны қабылдау Алматы қаласы әкімдігінің өкілеттігіне жатпайтынын, сондай-ақ Экологиялық кодексте көлік құралдарының кіруін шектеу және тиісті нормативтік құқықтық актіні шығару жөніндегі өкілеттіктер мәслихаттың құзыретіне кіретінін анықтады. Бұған қоса шектеу болған күннің өзінде тұрғындардың құқығы мен заңды мүддесі ескерілуі қажет екені айтылған.

«Конституциялық сот ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда көлiк құралдарының қозғалысын шектеу конституциялық маңызды мақсатты – қоршаған ортаны қорғауды және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудi көздеуi мүмкiн деп атап өттi. Алайда мұндай мақсат болғанның өзінде де шектеу өзі әсер ететін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін ескеруге және оларға шамадан тыс ауыртпалық түсірмеуге тиіс», – делінген сот хабарламасында.

Нәтижесінде Конституциялық сот әкімдіктің «Алматы қаласының жекелеген аумақтарына көлік құралдарының кіруін шектеу туралы»  № 2/122 қаулысының 1-тармағы Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.