Сот Оразалы Ержановтың бостандығын шектеу туралы үкім шығарды
22 мамырда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қоғам белсендісі Оразалы Ержановқа қатысты үкім шығарды.
Астана, NEGE. Судья Руслан Мұратбеков Ержановтың бостандығын төрт жылға шектеу туралы үкім шығарды. Сонымен қатар оған бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды. Мемлекеттік айыптаушы да дәл осындай жаза сұраған.
Оразалы Ержановқа Қылмыстық кодекстің 155-бабы 2-бөлігі 3-тармағы (Бейбіт жиналысты ұйымдастыруға, өткізуге немесе оған қатысуға кедергі жасау) бойынша айып тағылған.
Оразалы Ержановтың адвокаты жарыссөз барысында қорғауындағы азаматтың әрекетінде ешқандай қылмыстық құқықбұзушылық құрамы жоқ екенін айтып, соттан ақтау үкімін шығаруды сұрады. Оның айтуынша, қылмыстық іс материалдарында оның кінәсін дәлелдейтін бірде-бір айғақ жоқ.