26 ноября 2025 г. 14:36

Сот ЕуроОдақ елдерін біржынысты некелерді мойындауға міндеттеді

Фото: prikhodko.com.ua

Еуропалық сот одақ елдері біржынысты некені өзара мойындауы тиіс деген шешім шығарды. Бұл туралы Euronews мәлімдеді.

Астана, NEGE. Еуропалық сот ЕО елдері біржынысты некені өз заңдарына енгізуге міндетті емес екенін айтты. Бірақ олар одақтың кез келген елінде ресми түрде қиылған біржынысты некені мойындауы тиіс.

Судьялардың айтуынша, мұндай некені мойындамау адамның жеке және отбасылық өміріне араласу болып есептеледі және ЕО заңына қайшы. Өйткені бұл жұпты «тіркелмеген адамдар» ретінде өмір сүруге мәжбүрлеп, тұрмыста да, жұмыста да көптеген қиындықтар тудырады.

Бұл шешім Берлинде некесін қиып, кейін Польшаға қайтқан екі азаматтың ісінен кейін қабылданды. Олар некесін Польшада тануды сұраған, бірақ елде біржынысты некеге рұқсат жоқ болғандықтан, өтініштері қабылданбады. Мәселе Еуропалық сотқа жетіп, ол неке ЕО-ның барлық 27 мемлекетінде жарамды деп шешті.

Қазір ЕО елдерінің жартысынан көбі біржынысты некелерді мойындайды. Польша болса әлі мойындамаған, премьер-министр Дональд Тусктың елдегі ЛГБТ құқықтарын күшейтуге бағытталған талпыныстарына қарамастан жағдай өзгермей тұр.