5 ноября 2025 г. 17:04

Сот Bek Air ұшағының апатына қаза тапқан ұшқыштарды кінәлі деп таныды

Фото: Бас прокуратура

5 қарашада Алматының Түріксіб аудандық соты Bek Air әуе апатында қаза тапқан ұшқыштар Мейіржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаевты әуе қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп таныды.

Алматы, NEGE. Алайда, олардың қайтыс болуына байланысты сот жаза тағайындаған жоқ.

«Мейіржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі бойынша «әуе көлігін басқару немесе пайдалану кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу, абайсыздықтан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, алайда олардың қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмасын», — деді судья.

Сот жарыссөзінде прокурор Айдос Палманов ұшақ апатына әуе кемесін басқарған ұшқыштар кінәлі екенін айтқан болатын. Ал адвокат Нұрлан Халықов қаза тапқан ұшқыштарға тағылған айыпты алып тастауды және Алматы халықаралық әуежайының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етті.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кеткен. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Ұшақ командирі, 58 жастағы Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза тапты. Екінші ұшқыш, 54 жастағы Мейіржан Молдақұлов 2020 жылғы 21 қаңтарда ауруханадан жағдайы тұрақты күйде шығарылған еді, алайда 28 қаңтар күні оның да қаза тапқаны туралы қаралы хабар жетті.