Сот Атырау облысы әкімінің экс-орынбасарын мерзімінен бұрын босатудан бас тартты

10 жылға бас бостандығынан айырылған Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Нұрлан Таубаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылмады.

inbusiness.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде «Ақ Жайық» басылымы жазды.

Нұрлан Таубаев пен Атырау облыстық құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаров 2020 жылы жол құрылысына қатысты компаниядан 182 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталған.

2022 жылдың мамырында сот оларды Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі бойынша (Аса ірі көлемде пара алуға оқталу) кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Нұрлан Таубаев алдымен шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішімен Астанадағы ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотқа жүгінген. Өтініші қанағаттандырылмаған соң ол апелляциялық шағым түсірген. Алайда өткен аптада қалалық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы бірінші инстанцияның шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Осылайша бұрынғы шенеунік жазасын өтеуді жалғастырады. 2022 жылдың мамырынан бері түрмеде отырған Таубаевтың жаза мерзімінің аяқталуына шамамен екі жыл қалған. Сондай-ақ ол сотқа дейінгі тергеу кезінде екі жылға жуық уақыт тергеу изоляторында болған.