Сот Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың жазасын жеңілдетті
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға тағайындалған түрме жазасы бостандықты шектеу жазасына ауыстырылды.
Астана, NEGE. 16 наурызда Атырау қаласының №2 соты пробация қызметінің ұсынысын қарады, деп жазады «Ақ Жайық» басылымы.
Бұған Хаменоваға кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты берілген үш жылдық жазаны кейінге қалдыру мерзімінің аяқталуы себеп болған.
Жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімі 10 наурызда аяқталған.
Осы кезең ішінде Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін толық орындаған.
«Осы жағдайларды ескере отырып, сот ұсынысты қанағаттандырды. Өтелмеген жаза бөлігі сол мерзімге пробациялық бақылаумен бірге 7 жылдық бостандықты шектеу жазасына ауыстырылды», – делінген басылым материалында.
Еске салсақ, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға 2022 жылғы 15 қарашада үкім шықты. Ол пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ баласының болуына байланысты жазасын өтеу 3 жылға кейінге қалдырылды.
Тергеу материалдарына сәйкес, бұл іс Абай Құнанбаевтың ескерткішін салу кезінде 4,5 миллион теңге пара алуға қатысты қозғалған. Хаменова өз кінәсін мойындамай, үкімге апелляциялық шағым түсіргенімен, ол өзгеріссіз қалдырылды.