Солтүстік Кипрде супермаркетте қазақстандық қыз пышақ жарақатын алды
Солтүстік Кипрдің Никосия қаласындағы супермаркеттердің бірінде 22 жастағы Қазақстан азаматы Жанерке Әбдіразақоваға пышақпен шабуыл жасалды.
Астана, NEGE. БАҚ мәліметінше, қанды оқиға 3 тамыз күні сағат 11:45 шамасында болған. Белгісіз ер адам қазақстандық қызға пышақпен шабуыл жасап, артынша өзіне пышақ жарақатын салған. Екеуі де мемлекеттік ауруханаға ауыр халде жеткізілген.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары шабуыл жасаған ер адам қыздың бұрынғы жігіті болуы мүмкін екенін хабарлады. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өкілдері Солтүстік Кипрде болған жайттан хабардар екенін жеткізді.
«Қазіргі уақытта қазақстандық дипломаттар мән-жайды анықтауда және жергілікті құзырлы органдармен байланыста. Қосымша ақпарат ресми мәліметтердің түсуіне қарай ұсынылады», – делінген СІМ жауабында.
Министрлік бұл жайтты ерекше бақылауға алған.