10 ноября 2025 г. 13:21

Әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары наразылыққа шықты

Фото: видеодан скрин

Әскери борышын өтеу кезінде қаза тапқан, мүгедек болған сарбаздардың аналары Астанада наразылыққа шықты.

Астана, NEGE. Tizgin.kz мәліметінше, наразылық акциясы Президент әкімшілігінің алдында болған. 

Жиналғандар әскерде қаза тапқан сарбаздардың өліміне қатысты тергеудің әділ болуын және әскери істердің ашық тергелуін талап етеді. 

«Бұлар әскери қылмыстардың бәрін жасырып жатыр. Казармада, асханада, оқу залы сияқты барлық аумақтарда «Сергек» камералары орнатылсын. Кінәлі тұлғалар заң алдында жауап беруін талап етеміз. Күмәнді істер бойынша сараптамалар, бейнематериалдар мен медициналық қорытындылар қайта зерттелсін! Тергеу қоғамдық бақылау мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен жүргізілсын», - деді наразылыққа қатысушылар. 

Сондай-ақ, олардың талабы бойынша, сарбаздардың өліміне қатысты тәуелсіз қоғамдық комиссия құрылуы тиіс.

Наразыларға қарсы полиция өкілдері бірнеше рет келіп ескерту жасаған.