18 февраля 2026 г. 17:08

Астанадағы үшқабатты үйдің дауы: 570 мың доллар желге ұша ма?

Фото: Nege.kz/ЖИ көмегімен жасалған

Астанада жеке балабақша ашу үшін салынған үшқабатты ғимарат он жылға созылған дауға себеп болды. Көршілес үйдің иесі бұл нысанның кесірінен «күн сәулесі түспей қалды» деп шағымданып, ғимаратты бұзуды талап етіп отыр. Ал балабақша иесі сот шешімдеріне жемқорлық ықпал еткен болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Астана, NEGE. Елорда тұрғыны Алтай Ормановтың отбасы 2007 жылы Алматы ауданындағы Қордай көшесінен балабақша ашу үшін жер телімін сатып алған. Ол кезде көрші учаске бос болған.

2011 жылы іргелес жер телімі басқа адамдардың атына рәсімделіп, сол жерге тұрғын үй салынған. Ал Ормановтар 2012 жылы өз учаскесінде балабақша ғимаратының құрылысын бастаған. Әкесінің қайтыс болуына байланысты құрылыс уақытша тоқтап, 2014 жылы қайта жалғасып, толық аяқталған.

Даудың себебі жер шекарасы ма?

Ғимарат пайдалануға берілер кезде көрші тарап нысанның олардың үйіне тым жақын салынғанын айтып, «күн сәулесі түспей қалды» деген уәжбен шағымдана бастаған. Соңында сотқа жүгінген.

Ал Ормановтар мәселе ғимараттардың арақашықтығында емес, жер шекарасының өзгеруінде деп санайды. Олардың айтуынша, көрші тарап үй салу кезінде Ормановтарға тиесілі жер аумағына өтіп кеткен.

А.Ормановтың жеке архивінен/Nege.kz

«Суретте сызықшамен белгіленген бөлік – біздің жер теліміміз. Қоршау да өз шекарамызда тұр. Бірақ көрші тарап оны “менің жеріме кіріп кетті” деп көрсетеді. Шын мәнінде, олар үй салғанда бізге тиесілі жерге өткен. Кейін сол бөлікті "таныс" арқылы заңдастырып алған. Біз мұны мұрагерлік құжаттарды рәсімдеу кезінде ғана білдік», – дейді Алтай Орманов.

Сот не деді?

2015 жылы көрші тараптың арызы бойынша бірінші сатыдағы сот балабақша ғимаратын заңсыз деп танып, оны бұзу туралы шешім шығарған. Сол жылы апелляциялық сот бұл шешімді өзгертіп, талап арызды қанағаттандырудан бас тартты.

Алайда 2016 жылғы 8 шілдеде Жоғарғы Сот апелляциялық соттың қаулысын жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдырды. Сот құрылысқа тиісті рұқсат алынбағанын, сондай-ақ инсоляция мен өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағанын атап өтті.

А.Ормановтың жеке архивінен/Nege.kz

Сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін ғимаратты бұзу үшін 11 рет әрекет жасалған.

Құны 570 мың доллар тұратын балабақша

Бұл ғимарат балабақша ретінде жұмысын бастауы тиіс еді. Алайда сот процестеріне байланысты нысан пайдалануға берілмей қалды. Содан бері он жыл бойы мәселенің шешімін таба алмай жүрген Алтай Орманов редакциядан көмек сұрады. Оның айтуынша, мәселе шешілмесе, құрылысқа жұмсалған 570 мың доллар желге ұшуы мүмкін. Оның үстіне, Астана тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келеді. Соған байланысты балабақша жетіспеушілігі мәселесі де өзекті болып отыр.

«Құрылысқа шамамен 570 мың доллар жұмсалды. Егер мәселе шешілмесе, бұл қаржы зая кетеді. Біз ешкімнің құқығын бұзған жоқпыз, ғимаратты өз жерімізге салдық. Керісінше, бастапқы жер шекарасын қалпына келтіру қажет деп санаймыз», – дейді Алтай Орманов.

А.Ормановтың жеке архивінен/Nege.kz

Ормановтың айтуынша, сот процестері кезінде жерге қатысты бірнеше мемлекеттік актідегі шекара өзгерген. Оның сөзінше, бұл жағдай істің әділ қаралуына әсер етіп, нәтижесінде сот шешімі қарсы тараптың пайдасына шыққан. Сондықтан ол бұл істе сыбайлас жемқорлық болуы мүмкін деп санайды.