5 декабря 2025 г. 17:38

Сарапшы: Астанада 2 миллион тұрғынға бір ғана балалар травмпункті жеткіліксіз

Фото: tengrinews.kz

Астанада балаларға арналған тек бір ғана толыққанды травмпункт бар, ал қысқы ауа райының тұрақсыздығы бұл орталыққа қосымша жүктеме әкеліп отыр. Мамандар мен ата-аналар осы бір орталықтың жағдайына алаңдаулы.

НЕГІЗГІ АУЫРТПАЛЫҚ—ҚОШҚАРБАЕВТА

Биыл Астанадағы ауа райы тұрақсыз. Бірде жылымық, бірде көктайғақ. Ал мұндай күрт құбылыстар балалар травматологиясы үшін нағыз сынаққа айналып отыр. Мамандардың айтуынша, өткен айда қар түскен кезде түрлі жарақатпен келетін балалар саны қалыпты кезеңмен салыстырғанда едәуір артқан.

Астанада балаларға толыққанды, тәулік бойы қызмет көрсететін негізгі травмпункт Рақымжан Қошқарбаев көшесінде орналасқан. Бұл жерге күн сайын қаладағы түрлі ауыр жағдайдағы адамдар жеткізіледі: сынықтар, шығулар, күрделі жарақаттар.

newtimes.kz

Орталыққа кірген сәтте-ақ қарбалас сезіледі. Баласын көтерген ата-аналар, жылаған балалар, дәлізде толассыз қозғалыс. Соған қарамастан, қабылдау әзірге жүйелі жүріп жатыр. Қар еріп, көктем келгенде дәліз лық толады. Триаж қағидасы бойынша ауыр жарақатпен келгендер бірден дәрігерге қаралады, қалғандары кезек бойынша қабылданады.

Көктал ауданынан келген Анатолий Маноли қызының қолы сынған соң осы орталыққа келген. Жол 1-1,5 сағат уақыт алғанын айтады.

«Бір сағаттай жол жүрдік. Дәрігерлердің жұмысына шағым жоқ, бәрі шұғыл әрі нақты. Бірақ бұл жер бізге өте алыс. Басқа балалар травмпункті бар екенін мүлде білмедік. Үлкен қалада мұндай орталықтар көбірек болуы керек», — дейді ол.

Травматолог Сапармұрат Өсербаевтың айтуынша, орташа алғанда мұнда күніне 300-ге жуық бала қаралады. Ал жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 400–450-ге дейін жетеді. Ең қарбалас уақыт — кешкі сағат сегізден түнгі екіге дейін.

«Ата-аналар жұмыстан кейін балаларын алып келеді. Кейде түнгі бір-екіге дейін тоқтамаймыз. Әркім өз баласының бірінші қаралғанын қалайды. Бірақ біз алдымен өміріне қауіп төнгендерді қабылдаймыз. Мұны бәрі бірдей түсіне бермейді», — дейді кезекші дәрігер.

ЖЕЛТОҚСАН КӨШЕСІНДЕГІ ФИЛИАЛДЫ ЕЛ БІЛЕ МЕ?

Осыған қарама-қарсы көрініс Желтоқсан көшесінде орналасқан шағын филиалда байқалады. Ол екі жыл бұрын ашылғанымен, көп ата-ана оның бар екенін әлі де білмейді. Мұнда негізінен жеңіл және орташа жарақат алғандар қаралады.

nege.kz

Дәліздер де тыныш. Кезекте отырғандар санаулы ғана. Бұл Қошқарбаевтағы жағдаймен мүлде салыстыруға келмейді.

Қала тұрғыны Елена Манченок осы ауданда тұрған соң, бұл пунктің барынан хабардар. Айтуынша, мұнда ұзын-сонар кезек бола бермейді.

«Бұрын тек Қошқарбаевтағы орталыққа баратынбыз. Онда әрдайым кезек көп, ұзақ күтеміз. Осы филиал ашылғалы бері осында келеміз. Әлдеқайда ыңғайлы», — дейді ол.

nege.kz

Көкталдан келген Әлия Бағланова да осы пікірді қолдайды.

«Бұл филиалдың барын жақында ғана естідім. Бұрын балаларымды қала орталығына, бас травмпунктіге апаратынмын. Автобуспен бірнеше рет ауысып міну керек болатын, кейде жолға 3 сағатқа дейін уақыт кететін. Мұнда жақын, тыныш. Бірақ Астанаға екі-ақ пункт – аз. Сол жағалауда да ашылу керек», – дейді Бағланова.

Ал Хамза Қайратұлы інісін футболдан кейінгі жарақатпен дәл осы жерге әкелген.

«Үйге жақын болғандықтан, бірден осында келдік. Кезек те жоқ. Дәрігерге тез кіреміз», – дейді Хамза.

Дегенмен дәрігер Сапармұрат Өсербаев бұл тыныштықты уақытша құбылыс деп есептейді.

«Филиал екі жылдан бері жұмыс істеп тұр. Бірақ көп адам әлі де хабарсыз. Соның салдарынан бас орталықта жасанды кезек пайда болып отыр. Егер ата-аналар осы жер туралы білсе, жүктеме дұрыс бөлінер еді», – деп санайды ол.

Қазір бұл филиалда күніне шамамен 50 бала қаралады. 

ЖҮЙЕЛІК МӘСЕЛЕ

Астананың бас балалар ортопедінің міндетін атқарушы Ағабек Чикинаев бұл мәселені тек бір орталықтың проблемасы емес, республикалық маңызы бар жүйелік мәселе деп бағалайды.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстандағы балалар саны 7,5 миллионнан асты. Ал бұл медициналық инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуды талап етеді.

«Астанада балаларға арналған толыққанды, көп бейінді Ұлттық травматология және ортопедия орталығы құрылуы қажет. Бұл жай ғана аурухана емес — тәжірибе, ғылым және мамандар тоғысатын үлкен медициналық база болуы керек», — деді ол халықаралық ортопедия форумында.

Қала Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселенің алда шешілетінін айтады. Жоспар бойынша Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының аумағында балаларға арналған жаңа шұғыл көмек бөлімі ашылады.

Ресми мәліметке сәйкес, жоба эскиздік кезеңінің соңына таяп қалды. Құрылысты бастауға дайындық жұмыстары биыл аяқталмақ.

Алдын ала болжам бойынша, жаңа нысан 2028 жылы іске қосылады. Бұл балаларға көрсетілетін жедел медициналық көмектің қолжетімділігін едәуір арттыруы тиіс.