24 декабря 2025 г. 12:17

Қазақстанның даму банкі таңдаулыларға ғана қолжетімді – Смайылов

Фото: azattyq-ruhy.kz

Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Алихан Смайылов бизнесті мемлекеттік қолдау жүйесінде теңсіздік бар екенін айтты. 

Астана, NEGE. Оның сөзінше, Қазақстанның даму банкі әлі күнге дейін барлық кәсіпкерге бірдей қолжетімді емес. 

«Мемлекеттік қолдауды бөлу кезінде тең қолжетімділік пен ашықтық қамтамасыз етілмеген. Соның салдарынан Қазақстанның даму банкі таңдаулыларға арналған банк болып қала берді», – деді Смайылов.

Смайыловтың айтуынша, кәсіпкерлердің басым бөлігі мемлекеттік қолдау жүйесіне сенімсіз қарайды. Себебі бірдей қолдау шаралары әртүрлі пайыздық мөлшерлемемен ұсынылған, ал нақты қай бизнес қандай талаппен іріктелгені ашық көрсетілмеген. Тіпті кейбір компаниялар төмен несие рейтингіне қарамастан қолдау алған, ал көптеген кәсіпкер үшін бұл талап негізгі кедергіге айналған. ​

Аудит барысында кейбір компаниялар мемлекеттен қолдау ала отырып, құрылтайшыларына дивиденд төлегені анықталды. Смайыловтың айтуынша, бұған заң жүзінде тыйым салынбағанымен, төленген дивиденд көлемінің мемлекеттік қолдаудан да асып түсуі күмән тудырады. 

Еске салайық, 2022 жылғы 11 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның даму банкіне қатысты қатаң сын айтқан болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, банк іс жүзінде шектеулі топтың, яғни таңдаулы тұлғалардың жеке банкіне айналған. Президент жоғары лауазымды таныстары арқылы жобаларына жеңілдік алған топтардың барлығы белгілі екенін айтып, мемлекеттік ресурстардың шағын және орта бизнеске емес, осы жобаларға бағытталғанын сынға алды. Осыған байланысты ол мемлекеттік қолдау шараларының ашықтығы мен тиімділігі төмен екенін айтып, Үкіметке банктің қызметін түбегейлі қайта құруды тапсырды.