Қазақстанда шағын бизнеске салық қысымы азаяды
2026 жылдан бастап микро және шағын бизнеске салық салу тәртібі жеңілдетіледі. Үкімет отырысында қаржы министрі Мади Тәкиевтің хабарлауынша, салық режиміндегі басты өзгеріс – салық пен әлеуметтік төлемдер бойынша берешек шектерін көтеру.
Алматы, NEGE. Бұған дейін салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден (6 АЕК) бастап өндірілсе, ал әлеуметтік аударымдар бойынша нақты шек болмаған. Енді салық берешегі бойынша шектік сома 87 мың теңгеге (20 АЕК) дейін, әлеуметтік төлемдер бойынша 26 мың теңгеге (6 АЕК) дейін көтеріледі.
Егер берешек сомасы 87 мың теңгеден (20 АЕК) аспаса, хабарлама жіберіледі, тек өсімпұл ғана есептеледі.
Берешек мөлшері 87 мыңнан 195 мың теңгеге (20–45 АЕК) дейін болса, хабарлама жіберіледі, ал өтелмеген кезде борыш сомасы шегіндегі шығыс операциялары тоқтатылады және кейін инкассалық шаралар қолданылуы мүмкін.
195 мың теңгеден (45 АЕК) асқан берешек үшін қатаң шаралар қолданылады. Дәлірек айтқанда, мүлікті тізімдеу және сату, дебиторлар арқылы өндіріп алынады.