28 января 2026 г. 11:06

Қостанайда мектептің шатыры құлады: мердігер 266 млн теңгені қайтаруы тиіс

Фото: tobolinfo.kz

Қостанайдағы Қонай ықшамауданында мектеп салған мердігер оқу орны пайдалануға берілмей тұрып спорт залдың төбесі опырылып құлаған соң 266 миллион теңгеден астам шығынды өтеуге міндеттелді.

Астана, NEGE. Жоғарғы сот мәліметінше, 2021 жылы мемлекеттік орган мен ЖШС арасында 2,2 млрд теңгеге мектеп салу туралы келісімшарт жасалған. Құрылыс 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталуға тиіс болған. Алайда шартта белгіленген мерзімнің өтуіне қарамастан, нысан пайдалануға берілмеген.

2024 жылы қаңтарда мектептің спорт залының шатыры опырылып құлаған. Соттың анықтауынша, апатқа жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларының бұзылғаны себеп болған.

«Кешенді тексеру нәтижелері бойынша жасалған техникалық қорытындыға сәйкес, апаттың себебі стропильді фермаға рұқсат етілмейтін көлденең жүктеменің түсуі болған. Аталған әсер дәнекерленген жіктің бұзылуына және тірек конструкцияларының деформациясына әкелген, бұл жобалық құжаттама мен құрылыс нормаларының бұзылғанын айғақтайды», – делінген сот хабарламасында.

Шатырды қалпына келтіру және құрылысты аяқтау үшін 260 млн теңгеден астам қаражат қажет. Шығынды өтеу мердігерге жүктелген.

Апат салдарын жою және құрылысты аяқтау мақсатында мемлекеттік орган авторлық және техникалық қадағалау жүргізуге, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс жұмыстарын орындауға жалпы сомасы 266 млн теңгеден астам болатын жекелеген шарттар жасасқан.

Алайда ЖШС өкілі бұл жағдайлар инженерлік коммуникациялардың уақытында тартылмауына байланысты ғимаратқа  жылу берілмегендіктен туындағанын айтып, жауапкершілікті тапсырыс берушіге жүктеуге тырысқан.

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты істі қарай отырып, шарт талаптарына сәйкес мердігер орындалған жұмыстардың сапасына, қолданылған материалдарға, құрылыстың жобалық құжаттама мен техникалық талаптарға сәйкестігіне толық жауапты екенін атап өтті.

Сондай-ақ мердігер конструкциялардың сенімділігі мен қауіпсіздігіне кепілдік берген және шарт талаптарының тиісінше орындалмауынан тапсырыс берушіге келтірілген залалды өтеу міндеттемесін мойнына алған.

«Сот ықтимал қолайсыз пайдалану немесе климаттық факторлар жобалау және құрылыс кезеңінде мердігер тарапынан ескерілуі тиіс екенін, ал олардың салдары конструктивтік ақаулар үшін жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайтынын атап өтті», – дейді сот өкілдері.

Осылайша сот талап қоюшының талабын толық көлемде қанағаттандырып, ЖШС-ны облыстық бюджетке мектептің спорт залындағы шатырдың құлау себептерін анықтауға, сондай-ақ оқиғаның салдарын жоюға және мектеп құрылысын аяқтауға жұмсалған шығындарды қоса алғанда, 266 млн теңгеден астам қаражатты өтеуге міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.