СІМ Вьетнамға саяхаттауды жоспарлаған қазақстандықтарға қатысты мәлімдеме жасады

Вьетнамда шетел азаматтарына арналған «Алдын ала ақпарат ұсыну жүйесін» (Pre-arrival Information – PAI) пилоттық режимде іске қосылды.

shutterstock.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

«Вьетнам тарапының мәліметінше, аталған жүйе шетел азаматтарына Вьетнамға сапар шегер алдында қажетті ақпаратты онлайн режимде алдын ала ұсынуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шекаралық бақылаудан өту уақытын қысқартуға және әуежайлардағы жолаушылар ағынын оңтайландыруға бағытталған», – деп түсіндіреді ведомство өкілдері.

СІМ мәліметінше, PAI жүйесі әзірге Таншоннят халықаралық әуежайында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта ол Вьетнамның Нойбай, Дананг, Камрань және Фукуок халықаралық әуежайларында, сондай-ақ мемлекеттік шекарадағы басқа да өткізу пункттерінде кезең-кезеңімен енгізілмек.

«PAI жүйесі Вьетнамға кіру үшін міндетті талап емес әрі виза рәсімдеуге арналмағанын атап өткен жөн. Жүйе тек сапар туралы ақпаратты алдын ала ұсынуға арналған», – делінген хабарламада.

Бұл ретте Вьетнам билігі шетел азаматтарына тек ресми портал арқылы тіркелуді ұсынған.