СІМ қазақстандықтарды елге қайтару үшін Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр
Бұқаралық ақпарат құралдарында соғыс жүріп жатқан аймақтарда жүрген Қазақстан азаматтарының елге оралуға көмек сұраған өтініштері тарай бастады. Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені назарда ұстап отырғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Министрліктің мәліметінше, бірнеше отбасы көмек сұрап, СІМ-ге тікелей жүгінген. Азаматтарды елге қайтару үшін олардың аты-жөні, туған күні, қай жерде жүргені және жасасқан еңбек шарттарының талаптары туралы толық мәлімет қажет.
«Осыған байланысты Қазақстан азаматтары туралы толық әрі нақты ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарынан емес, олардың өздерінен немесе туыстарынан тікелей алудың маңызы зор. Бірқатар отбасы министрлікке көмек сұрап жүгініп үлгерді», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов.
Қазақстан азаматтарын елге қайтару мәселесі бойынша Ресеймен келіссөз жалғасып жатыр. Бүгін сыртқы істер министрі Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілімен кездесті. Жақын арада Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ресей Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің басшылығымен кездеседі.
СІМ бұған дейін де әлемнің әртүрлі елдері мен өңірлеріндегі соғыс аймақтарынан Қазақстан азаматтарын елге қайтарғанын атап өтті.
Соғыс аймағындағы қазақстандықтардың туыстары СІМ Консулдық қызмет департаментіне 7 (7172) 72-05-00 нөмірі немесе Dks_ast@mfa.kz электронды поштасы арқылы хабарласа алады. Ресейдегі Қазақстан елшілігі мен бас консулдықтарында да жедел байланыс желілері жұмыс істеп тұр.