Словакияда адам ұрлады деген күдікпен төрт қазақстандық ұсталды

Словакияның Тренчин қаласында Қазақстанның төрт азаматы ұсталды. Жергілікті БАҚ олардың адам ұрлау және ақша бопсалау ісіне қатысы бар деген күдікке ілінгенін хабарлады.

TN Live

Астана, NEGE. Словакияның TN Live басылымының мәліметінше, бетперде тағып, полиция қызметкерлерінің киіміне ұқсас форма киген бір топ жас жігіт егде жастағы әйелдің үйіне келіп, немересін іздеген. Тергеу мәліметі бойынша, олар ер адамды соққыға жыққан.

Бұл іске бес адамның қатысы болуы мүмкін. Олардың төртеуі ұсталып, біреуі қашып кеткен.

Күдіктілердің жасы 18 бен 21 аралығында. Олар жергілікті университетте білім алады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Словакияда төрт отандасымыздың ұсталғанын растады.

«ҚР СІМ-ге Словак Республикасында Қазақстанның төрт азаматының ұсталғаны белгілі. Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде, олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Бұл жағдай ҚР СІМ-нің бақылауында», – деп хабарлады министрлік.

Күдіктілердің бірінің адвокаты Мартин Бурай тағылған айыптармен келіспей, тергеу ұсынған оқиға желісіне күмән келтірді. Жергілікті БАҚ мәліметінше, кінәлары дәлелденсе, айыпталушылар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.