Сыртқы істер министрлігі қажылық алдында ықтимал қауіптер жөнінде ескертті
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қажылыққа баруды жоспарлап отырған қазақстандықтарды Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдайға байланысты барлық қауіп-қатерді мұқият ескеруге шақырды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Сенаттағы брифингте сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов айтты.
«Қазір жағдайдың мамыр–маусым айларына қарай қалай өрбитінін айту қиын. Дегенмен, қақтығыс аймағында орналасқан елдерге сапарлауды жоспарлап отырған барлық азаматты қауіптерді толық ескеруге шақырамыз», – деді ол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, қазақстандық қажылар 15 мамыр мен 5 маусым аралығында елдің түрлі қалаларынан тікелей рейстермен қажылық сапарға аттанады.