Сыртқы істер министрлігі Иран халқына көңіл айтты
ҚР Сыртқы істер министрлігі бейбіт тұрғындардың, соның ішінде балалардың, сондай-ақ Иран Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза болуына байланысты Иран халқына көңіл айтты.
Астана, NEGE. Министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаев соңғы қайғылы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасады.
«Қазақстан достық пен жан-жақты ынтымақтастық қатынастарын дәйекті түрде дамытып келе жатқан және Иранға қарсы соғысқа қатыспайтын араб мемлекеттерінің азаматтық нысандарына жасалған соққыларға байланысты өкініш білдіреді», – делінген СІМ таратқан мәлімдемеде.
Ерлан Жетібаев қарулы қақтығыстар кезінде бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарды қорғау халықаралық гуманитарлық құқықтың басты талабы екенін, сондықтан бұл нормаларды сақтау айрықша маңызды екенін атап өтті.
«Өңірдегі зорлық-зомбылықтың одан әрі ушығуына жол бермеу мақсатында барлық тараптарды барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуға шақырамыз», – делінген мәлімдемеде.
Қазақстан халықаралық даулар мен қақтығыстарды халықаралық құқық нормалары мен БҰҰ Жарғысын қатаң сақтай отырып, тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеу қажеттігі жөніндегі өзінің қағидатты ұстанымының өзгермейтінін растайды.