Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад өлім жазасына кесілді

Сирия соты сейсенбі күні елді 2024 жылдың соңына дейін басқарған Башар Асадты сырттай өлім жазасына кесті.

Wikimedia commons

Астана, NEGE. Al Arabiya ақпаратынша, Асад азаматтық соғыс кезінде «әскери қылмыстар» мен «адамзатқа қарсы қылмыстар» жасады деп айыпталып отыр.

Башар Асад 2024 жылдың желтоқсанында биліктен тайдырылған. Ол қазіргі уақытта Ресейде тұрып жатқан болуы мүмкін.

Сот Асадтың ағасы Махер Асадты да қасақана кісі өлтіру, азаптау және зорлық-зомбылыққа арандату бойынша кінәлі деп танып, өлім жазасына кесті.

Сирияның жаңа билігі Асад бауырларын халықаралық деңгейде қудалауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ сот Башар Асадтың билігі кезінде қызмет атқарған шенеунік Атиф Наджибке де өлім жазасын тағайындады. Ол 2011 жылы елдегі көтеріліс басталған Дараа провинциясындағы саяси қауіпсіздік басқармасын басқарған.

Сот Наджибті кісі өлтіру, 15 жасқа толмаған балаларды қасақана өлтіру және өлімге әкелген азаптаулар сияқты «адамзатқа қарсы қылмыстар» жасады деп таныды. Наджиб 2025 жылдың қаңтарында қамауға алынған. 

Агенттіктің хабарлауынша, бұл – билік ауысқаннан кейін бұрынғы үкімет өкілдеріне қатысты шығарылған алғашқы үкімдердің бірі.