Сыры кетсе де, сыны кетпеген жұлдыздар
Қоғамда «тек жас қыз-келіншектер ғана сұлу» деген қағида қалыптасқан. Елу жастың өзіне үрке қарайтындар да жетерлік. Алайда, біздің бүгінгі тізімдегі ханымдар егде жасқа ене бастаса да, ерлер қауымының назарынан тыс қалған емес. Тіпті, кейбірі керісінше жыл өткен сайын құлпырып, сымбатын жоғалтпай келеді. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші назарларыңызға жасы келсе де өңін бермеген нәзік жандылар тізімін ұсынамыз.
Катрин Денев. 76 жастағы еуропалық кино жұлдыздың сұлулығын көпшілік шараппен жиі салыстырады. Әрине бұған себеп те жоқ емес. Актриса жыл өткен сайын жасарып келеді. Тіпті оны өз жас шамасынан жас көрінетін ол көптеген жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленіп, олардың өзіне деген қызығушылығын арттыра түскен. «Өнерді өмірім» деп білетін әртіс киноға шақырту аларда біраз ойланатынын айтады. Себебі ол үшін түсірілім алаңында жүрген жандардың танымал, әрі талантты болуына мән береді екен. Жыл өткен сайын жасару үшін біраз уақыт жұмсайтын актриса бет күтіміне аса жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан ол шылым шегуді де доғарған. Бүгінде денсаулығына аса мән беретін Катрин қартаймаудың бірден-бір кепілі таза ауада демалу, қызықты адамдармен әңгімелесу және қанық ұйқы екенін айтады.
Шэрон Стоун. Әдемі ажарымен ерлер қауымын естен тандырып жүрген актриса бүгінге дейін өзінің мүсінімен көпшілікті таңғалдырып келеді. Әр фильмінде сымбатымен тәнті етіп жүретін Стоун 61 жастан асса да жас арулардан кем түспейді. Тіпті ол ашық фотосессия жасаудан да бас тартпайды. Актрисаның сөзінше, ол салауатты өмір салтын сақтап, табиғи сұлулыққа мән бере бастаған. Түрлі косметикалық заттардан бас тартқан әртіс ажардың әдемі болуы бояуларға байланысты емесін алға тартады.
Мэрил Стрип. 70 жастағы актриса қазіргі тілмен айтқанда, ешқашан «тәніне тәнті еткендер» қатарынан табылмады. Ол кино режиссерлерді өзінің бет ажарының әдемілігімен емес, тамаша таланты мен керемет харизмасы арқылы баурап алды. «Оскар» жүлдесінің 3 мәрте иегері атанған Стрип бүгінде аяулы жар, бақытты ана. 3 баланы дүниеге әкелген кино жұлдыз спортқа аса жақын емес. Десе де ол денсаулыққа кері әсерін тигізетін түрлі зиянды әдеттерден аулақ.
Біздің тізімді жалғастыратын 61 жастағы Мадонна ел назарында. Егде тартса да өзге өнер иелері сынды тамаша тұрпатымен көпшілік қызығушылығын өзіне аударып жүретін әнші тамақтану тәртібіне мән беріп, жаттығу залдарына жиі бас сұғады.
Джулианна Мур. 59 жастағы актриса жас көріну үшін бірнеше жаттығу түрлерімен қатар йогамен де айналысады. Күніне бес рет тамақтанатын ол ас мөлшерін белгіленген межеден асырмайды. Сонымен бірге Мур күнделікті өмірде косметикалық заттардың орнына ылғалдандыратын крем қолданады. Ішімдік пен шылымнан мүлдем бас тартқан. Зиянды әдеттерді доғармаған жағдайдакосметиканы пайдаланудың өзі лайықты нәтиже бермейтінін айтады. Ең алдымен өзіңді жақсы көру мен уақытылы демалудың ағзаға тигізер әсері мол екенін тілге тиек етті.