Сыра және көлік ақауы: Александр Пак сотта әл-Фарабидегі апатқа қатысты өз нұсқасын айтты
Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша кезекті сот отырысында айыпталушы Александр Пак сұрақтарға жауап берді.
Астана, NEGE. Ол сотта апат алдында аздап сыра ішкенін, алайда мас болмағанын мәлімдеді.
«Екі ұрттап көрдім, ұнамады, содан кейін ішкен жоқпын. Өзімді мас болдым деп есептемеймін. Сыра ұнамады, сондықтан ішпедім», – деді ол.
Сот отырысы барысында судья Александр Пакқа оның бұған дейін күдікті ретінде жауап берген кезде 0,3 литр сыра туралы айтқанын еске салды. Бұған ол сыра мөлшерін шамалап айтқанын, екі рет қана ұрттағаны есінде қалғанын атап өтті.
Осыдан кейін айыпталушыдан «Алкогольдік масаң күйге қатысты тағылған айыппен келісесіз бе?» деген сұрақ қойылды. Ол прокурор мен жәбірленуші тарап өкілдерінің сұрақтарына бұдан әрі жауап бергісі келмейтінін айтты.
Сондай-ақ Александр Пак сотта өз кінәсін толық мойындап, заңға сай жазасын өтеуге дайын екенін мәлімдеді.
«Маған шартты жаза қолдануға болмайды. Істеген ісім үшін тиісті жазаны өтегім келеді және соған дайынмын. Бұл – үлкен трагедия», – деді ол.
Пактың айтуынша, жол апатының алдында Zeekr 9X көлігінің аспаптар панелінде бірнеше ескерту индикаторы жанған. Кейін көлікте ақау белгілері байқалған көрінеді. Осыдан кейін ол қозғалтқыштың айналымын арттырған. Жолақ ауыстыру кезінде көлікті жолаққа қайта бағыттау жүйесі кенет іске қосылып, көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, басқаруға келмей қалған.
«Көлік қарсы жолаққа шығып кеткеннен кейін мүлде басқарылмай қалды. Мен оны оңға да, солға да бұруға тырыстым, бірақ көлік бағынбады. Тежегіштер де істемеді», – деді Пак.
Жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында болған. Апат салдарынан үш адам – Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы әйел қаза тапқан. Тергеу мәліметінше, Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes-пен соқтығысқан.