«Сынды дұрыс қабылдаймыз»: ҚазАвтоЖол жол сапасы туралы не деді?

Қазақстандағы жол сапасына қатысты сын күшейіп келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ахуалды «масқара жағдай» деп бағалап, жұмысты жандандыруды тапсырды. Ал премьер-министр Олжас Бектенов «ҚазАвтоЖол» басшысына нәтиже болмаса, қызметімен қоштасатынын ескертті.

ҚазАвтоЖол

Астана, NEGE. Сын күшейген соң «ҚазАвтоЖол» журналистермен кездесіп, жол жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейткенін мәлімдеді.

Компанияның хабарлауынша, жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдарда 50-ге жуық тексеріс жүргізілген. Тексеру кезінде шұңқырлар, жарықтар, асфальт жабынының ығысуы мен ойықтар анықталған. Кемшіліктердің бір бөлігін мердігерлер жойған.

Жол жұмыстарына тиісті бақылау жасамаған техникалық қадағалау мамандарына 53,4 млн теңге көлемінде санкция салынған. Сондай-ақ 22 сарапшы жұмыстан босатылған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрқат Ақылтаев компания соңғы уақытта айтылып жатқан сынды ескеріп отырғанын айтты.

«Сынды дұрыс қабылдаймыз. Қазір жолдарды күтіп ұстау, құрылыс, жол бойындағы сервис, материалдар мен атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы бойынша бірнеше бағытта қатар жұмыс істеп жатырмыз. Бұл тек орталық деңгейде емес, өңірлерде және нақты жол учаскелерінде де жүргізілуде. Сонымен бірге нормативтік-техникалық базаны жетілдіруге көңіл бөліп отырмыз. Айтылған ескертулерді ескеріп, әр бағыттағы жұмысты жақсартуға тырысамыз», – деді Нұрқат Ақылтаев.

Оның айтуынша, биыл жолдарды күтіп ұстауға шамамен 80 млрд теңге бөлінген. Қаражат жол техникасын сатып алуға және жөндеуге, қызметкерлердің еңбекақысына, қысқы маусымға қажетті материалдарға жұмсалады.

Сондай-ақ осы қаржыға жазда шұңқырларды жөндеу, жол белгілері мен қоршауларды жаңарту, таңбаларды қайта сызу және жол бойындағы санитарлық нысандарды күтіп ұстау қарастырылған.

Жол апаттарына жол сапасы әсер ете ме?

Жол сапасының нашарлығы жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін бе деген сұраққа «ҚазАвтоЖол» өкілі әр апаттың себебі жеке талданатынын айтты. Алайда Нұрқат Ақылтаев жолдағы оқиғалардың басым бөлігін жол сапасымен тікелей байланыстыру дұрыс емес екенін атап өтті.

«Жолдың немесе жол қызметінің сапасына байланысты жағдайлар да кездеседі, бірақ олардың үлесі аз. Қазір жиі кездесетін себептердің қатарында көліктің техникалық жағдайы мен жылдамдық режимін сақтамау бар. Бірінші санаттағы жолдар көбейген сайын жоғары жылдамдықпен жүретін көліктер де артып келеді. Соның салдарынан жылдамдыққа байланысты жол-көлік оқиғалары жиілеп отыр», – деді Ақылтаев.

ҚазАвтоЖол

Ал «ҚАЖсервис» ЖШС-нің бас директоры Марат Сүлейменов апат жиі болатын жол учаскелеріне жүргізіліп жатқан тексерулер туралы айтты. Оның сөзінше, республикалық жолдарда осындай 124 орын анықталған, соның 51-і тексерілген.

«Биыл жаздан бері жол-көлік оқиғалары жиі болатын учаскелерді тексеріп келеміз. Қазір 124 орынның 51-і инспекциядан өтті. Мысалы, Жамбыл облысында бірқатар әлсіз тұстар анықталды. Енді уәкілетті органдармен келісіп, Қауіпсіз қозғалыс институты ұсынған шараларды енгіземіз. Мақсат – кемшіліктерді түзетіп, жол қауіпсіздігін арттыру», – деді Марат Сүлейменов.

«ҚАЖсервис» республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстаумен айналысады. Компанияның қарауында 23 675 шақырым жол бар. Оның 6 274 шақырымы ақылы, 18 401 шақырымы тегін.

Сүлейменовтің айтуынша, тегін жолдарды күтіп ұстауға қаржы жетіспейді. Ақылы жолдардан түскен қаражат сол учаскелерді ұстауға жұмсалса, тегін жолдар республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

Жол бойындағы дәретханалар да бақылауда

Жолға шыққан жолаушыларды мазалайтын тағы бір мәселе – дәретханалардың жағдайы. Әңгіме олардың саны ғана емес, республикалық жолдардағы санитарлық тораптардың тазалығы мен күтіміне де қатысты.

«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, республика бойынша шамамен 800 салқын дәретхана және 180 санитарлық-гигиеналық торап бар. Барлығын бірден жаңарту мүмкін болмағандықтан, нысандар кезең-кезеңімен жөнделіп, жаңғыртылып жатыр.

ҚазАвтоЖол

«Адам факторын ескеруіміз керек: әркім өз міндетіне бірдей жауапкершілікпен қарамайды. Біртіндеп суық дәретханаларды азайтып, санитарлық-гигиеналық тораптардың санын көбейтіп жатырмыз», – деді Нұрқат Ақылтаев.

Оның айтуынша, жол бойындағы дәретханалардың жағдайына қатысты шағымды азаматтар тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығына жеткізе алады.

Компания қысқы маусымға дайын ба?

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, компанияның қысқа дайындығы қазір 94%-ға жеткен. Өңірлерде бұл көрсеткіш 90–95% аралығында.

Нұрқат Ақылтаевтың айтуынша, қысқы маусымға 1 мыңнан астам техника дайындалған және сатып алынған. 2026 жылы тағы 750 техника алу жоспарланып отыр. Олар өңірлердің қажеттілігіне қарай бөлінеді.

«Қысқа қажетті тұз, отсев, құм секілді материалдарға келісімшарттар жасалып, қор өңірлерге жеткізіліп жатыр. Қыс басталғанға дейін қалған жұмыстарды да аяқтаймыз. Техника жұмыс кезінде істен шығуы мүмкін, сондықтан оны үнемі тексеріп, жөндеп отырамыз», – деді Ақылтаев.

ҚазАвтоЖол

«ҚАЖсервис» бас директоры Марат Сүлейменовтің айтуынша, компания қарамағындағы 2 500-ге жуық техниканың 1 830-ы қысқы жол күтіміне арналған. Соның 1 715-і маусымға толық дайын. Өңірлерде техниканың дайындығы 97–98%-ға жеткен.

Дегенмен кейбір өңірлерде техниканың жекелеген түрлері әлі де жетіспейді. Қажетті машиналарды жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қысқы техника құрамында қар тазалайтын және шнек-роторлы машиналар, жолға құм, тұз және басқа реагенттер себетін арнайы көліктер бар. Тиегіштер қарды, топырақты және басқа материалдарды жинап, тасымалдауға пайдаланылады.

Жолдағы жұмыс цифрлық бақылауға көшіріліп жатыр

Ақылтаевтың айтуынша, «ҚазАвтоЖол», «ҚАЖсервис» және министрлік жол күтімін цифрлық бақылауға көшіріп жатыр. Жүйе жұмысшылардың қайда және қандай жұмыс атқарғанын, техниканың қозғалысын және орындалған жұмыстардың сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

«Қазір жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын барынша цифрландыруға тырысып жатырмыз. Жұмысшының жұмысқа келген уақытынан бастап, қай шақырымда не істегеніне дейін жүйеде тіркеледі. Қар тазалады ма, қоршауды ауыстырды ма, шұңқырды жөндеді ме немесе санитарлық нысанды тазалады ма – бәрі белгіленеді. Техниканың қозғалысы да GPS арқылы бақыланады. Оның қай жерде жүргенін, қанша шақырым жол жүргенін, қанша уақыт жұмыс істегенін және не себепті ұзақ тоқтағанын орталықтан көруге болады», – деді ол.

«ҚАЖсервис» өкілдерінің айтуынша, бұған дейін жолды патрульдеу кезінде есеп қағазға толтырылатын. Енді бұл жұмыс бірыңғай цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр.

ҚазАвтоЖол

Жол бойындағы санитарлық нысандардың жағдайы да осы жүйеде белгіленеді. Қазіргі дерек бойынша, тексерулердің шамамен 80%-ы салқын дәретханаларға, 20%-ы санитарлық-гигиеналық тораптарға қатысты.

Жұмысшылармен қатар, «ҚазАвтоЖол» жол техникасының қозғалысын да цифрлық бақылауға көшірген. Жүйе мыңдаған көліктің нақты уақытта қай жерде жүргенін көруге мүмкіндік береді. Техника GPS-трекерлермен және жанармай деңгейін өлшейтін датчиктермен жабдықталады.