24 февраля 2026 г. 14:17

Сиыр етін экспорттауға тыйым салынғаны рас па?

Фото: gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігі кейбір БАҚ-тағы «сиыр етін экспорттауға арналған сыртқы нарықтар жабылды» деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлады.

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, сыртқы сауда саласында шектеу шараларын енгізу туралы шешімдер біржақты қабылданбайды.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай шешімдер бірнеше мемлекеттік органнан тұратын Ведомствоаралық комиссияның құзыретіне жатады. Оның құрамына Сауда және интеграция министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы кіреді.

Осылайша, экспорттық тәртіпті енгізу немесе өзгерту жөніндегі шешімдер комиссия мүшелерінің ұсыныстары мен жағдайды жан-жақты талдау негізінде бірлесіп қабылданады», – делінген хабарламада.

Бұл ретте министрлік өкілдері биылғы 29 тамыздағы Ведомствоаралық комиссия шешімі сиыр етін экспорттауға тыйым салмағанын, керісінше 2025 жылдың соңына дейін 13 мың тонна көлемінде квота белгілеу тетігі енгізілгенін атап өтті. Бұдан кейін комиссия шешімімен квоталау осы жылдың бірінші жартыжылдығына 20 мың тонна көлемінде ұзартылған.

«Осыған байланысты экспортқа "тыйым салынды" деген тұжырымдар шындыққа сәйкес келмейді және нақты жағдайды толық көрсетпейтіні анық», – делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан бөлек, мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарында көзделген қаржыландыру құралдары іске асырылған сайын қолданыстағы шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастау жоспарланған.