26 сентября 2022 г. 9:08

«Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығы салынады

Фото:

Қала әкімі М.Әйтенов Қонаев даңғылы бойында бой көтеретін «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығының құрылысының басталуына орай ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.

Шымкент, NEGE. Бұл жобаның негізгі инвесторы “САУТС-Ойл” компаниясы, ал құрылысын салушы бас мердігер «Koç Construction».

“Алдағы 5 жыл ішінде қалаға 5 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту міндетін қойдық. Ал бүгін Шымкент қаласы үшін бірегей жоба бастау алады. Бастамаға сәттілік тілеймін. Жалпы қазіргі кезде мегаполисте тұрғын үйге деген сұраныс артқан, агломерациясы дамыған шаһарымызға келушілер мен үй алып қоюға ниеттілер көбейген. Сондықтан кәсіпкерлерді Шымкентке инвестиция салуға шақырамын,” - деді шаһар басшысы Мұрат Әйтенов.

Ал «Koç Construction» - халықаралық құрылыс саласындағы тәжірибелі компания. Жарты ғасырлық тарихы бар. 1959 жылдан бері 3 материкте құрылыс салып, әлемнің 9 елінде ірі-ірі жобалардың жүзеге асуына атсалысқан.

Солардың бірі - көрші Өзбекстан елінің ең маңызды жобасы саналған “Ташкент Сити” құрылысының негізгі басым бөлігін жүргізіп, қазіргі таңда 3,5 млн2 м шамасындағы нысанның құрылысын салуда. Сонымен қоса «Hilton» қонақ үйінің құрылысын да аталмыш компания жүргізген. 

“Орта Азиядағы аумағы ең үлкен болып табылатын бауырлас еліміз - Қазақстанда алғашқы инвестициялауды миллионды қала - Шымкенттен бастағанымызға өте қуаныштымыз. Бұл ғимарат прогрестің, дамудың, яғни алға қарай ұмтылудың негізгі символы болады. Шым шаһарға алдағы уақытта да басқа салалар бойынша инвестиция салуға дайынбыз” - деп атап өтті компания директоры Омер Сарикоч.

Жалпы Шымкент қаласы 2020 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестициялар көлемінің өсу көрсеткіші бойынша республикада екінші орында болған болса, 2021 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан өңірлерінің рейтингісінде тұрақты түрде көш бастап келеді.

Айтып өтейік, «Shymkent Tower» сауда-іскерлік орталығын салу барысында 200 тұрақты және 1250 уақытша жұмыс орны ашылмақ.

Тегтер: