27 февраля 2026 г. 13:07

Щучинскідегі жарылыс: қаза тапқандардың отбасыларына 2 млн теңгеден өтемақы төленеді

Фото: ТЖД

Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына мемлекет тарапынан 2 млн теңгеден қаржылай көмек көрсетіледі.

Астана, NEGE. Бұл туралы Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов мәлімдеді.

«Қаза болғандардың отбасыларына 2 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек беріледі. Ал зардап шеккендерге 1 млн теңгеден төленеді», – деді аудан басшысы.

Әкімдік жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға қатысты барлық мәселелерді өз мойнына алды. Сондай-ақ қаралы жиындарға қатысу үшін келетін туыстарды орналастыру және алып жүру бойынша қажетті көмек көрсетіледі.

Еске салайық, 27 ақпанға қараған түні Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан бір қабатты дәмханада газ-ауа қоспасы жарылып, артынша өрт шыққан. Оқиға салдарынан 28 адам зардап шегіп, 7 адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың арасында кәмелетке толмаған бір бала бар.