Щучинскіде сүйіктісін ұрып өлтірген ер адам 10 жылға сотталды

Ақмола облысының Щучинск қаласында қызғаныштан сүйіктісін соққыға жығып, өліміне себеп болған ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

pixabay.com

Астана, NEGE. Сот мәліметінше, ер адам мен марқұм әйел 2024 жылдан бері бірге жұмыс істеп, жақын қарым-қатынаста болған. Алайда екеуінің арасында қызғаныштан жиі жанжал туындап, бірнеше рет айырылысып, қайта табысқан.

2026 жылдың маусымында әйел ер адамның пәтеріне қарым-қатынастарын анықтау үшін барған. Екеуі ішімдік ішіп отырған кезде тағы да жанжалдасып қалған. Ашуға булыққан ер адам әйелдің беті мен денесінен жұдырықпен ұрған.

Ауыр соққыдан әйел есінен танып қала бастаған. Мұны көрген ер адам жедел жәрдем шақырған. Алайда ауруханаға жеткізілген әйел есін жимастан көз жұмды.

Сараптама әйелдің бауыры жарылып, ішіне қан кеткенін анықтады. Соның салдарынан көп қан жоғалтып, геморрагиялық шоктан қайтыс болған. Сондай-ақ оның қабырғасы сынған, кеуде қуысы мен ішіне зақым келген, денесінің бірнеше жері көгеріп, жарақаттанған.

Сотта ер адамның кінәсі өзінің және куәгерлердің жауаптары, сараптама қорытындылары мен басқа да дәлелдер арқылы расталды.

Бурабай аудандық соты оны абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар сотталған азамат марқұмның жақындарына 12 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Материалдық шығын мен заңгерлік қызметке жұмсалған шығын үшін тағы 2 млн теңге өндірілетін болды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.