Щучинскіде 12 адамның өліміне әкелген жарылыс: дәмхана иесі сотта жауап берді
Щучинскіде «Центр плова» дәмханасындағы жарылысқа қатысты сот процесі өтіп жатыр. Сотта дәмхана иесі басқару ісіне жеткілікті деңгейде көңіл аудармағанын мойындады.
Астана, NEGE. «КТК» арнасының тілшісі Айгүл Өзекова Instagram-дағы парақшасында соттан бейнеүзінді жариялады.
Онда «Центр плова» иесі өрт қауіпсіздігіне қатысты ережелерді талапқа сай орындамағанын айтады.
«Мен ешқашан жауапкершіліктен жалтарған емеспін. Мекемедегі басқару жұмысына, басқарушы мен әкімшілердің қызметіне тиісті деңгейде бақылау жасамағанымды мойындаймын. Сондықтан мейрамхананы басқару ісіне жеткілікті дәрежеде мән бермегенімді де мойындаймын.Сондай-ақ өрт қауіпсіздігіне қатысты талаптарды толық сақтамадым», – деді жарылыс болған дәмхана иесі.
Еске салсақ, оқиға биыл 26 ақпанда болған. Щучинск қаласындағы «Центр плова» дәмханасында газ баллоны жарылып, соңы өртке ұласқан. Салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі жарақат алды.
Бұл іс бойынша кафені жалға алушы, автогаз құю станциясының директоры және газ жеткізген адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр.
Бұған дейін облыстық прокуратура өкілдері күдіктілердің әрекеті Қылмыстық кодекстің өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету баптары бойынша сараланғанын мәлімдеді.