27 февраля 2026 г. 5:06

Щучинск қаласында кафе жарылып, 7 адам қаза тапты

Фото: 112

Щучинск қаласында бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты кафеде газ-ауа қоспасы жарылып, кейін өрт шықты.

Астана, NEGE. Өрт сөндірушілер отқа оранған ғимараттан 8 газ баллонын алып шығып, 10-нан астам адамды құтқарды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, барлығы 26 адам зардап шеккен. Оның ішінде 7 адам қаза тапты (олардың бірі – 16 жастағы қыз). 13 адам Бурабай аудандық ауруханасына жеткізілді. 6 адам амбулаториялық бақылауға жіберілді.

«Зардап шеккен бес адам ТЖД мен денсаулық сақтау басқармасының санитарлық авиациясы арқылы Көкшетау қаласына жеткізілді. Тағы екі науқасты тасымалдау жоспарлануда», – деп нақтылады Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті.

Өрт толықтай сөндірілді. Құтқарушылар үйінділерді тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.

Төтенше жағдайлар департаментінде жедел желі іске қосылды: 8 (7162) 514-298.

Ақмола облысының әкімдігі қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.