Шоу-бизнес әлеміндегі ер азаматтар бір сахнада жиналды
Көктем келісімен-ақ ер азаматтар нәзік жандылардың көңілін аулауға тырысып бағуда. Алматыда әнші жігіттер бір сахнада жиналып, асыл аналар мен аяулы қыз-келіншектерді 8 наурыз мерекесімен құттықтауды бастап кетті.
Алматы, NEGE. Киелі қара шаңырақ Республика сарайында шоу-бизнес әлеміндегі ер азаматтар нәзік жандылардың құрметіне кеш ұйымдастырды. «Гүл сыйлайық анаға» деп аталатын концертте өнер иелері әннен шашу шашып, ырғақты билерімен көрерменнің көңілін серпілтті. Сарайға жиналған аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Ер-азаматтардың ғана қатысуымен өткен мерекелік кеште айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әндер асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
Әйел - отбасындағы бақыт пен берекенің ұйытқысы. Ал 8 наурыз күні барша ер-азамат әйел қауымының еңбегін бағалап, мерекелік көңіл күй сыйлары анық. Кеш соңында залда отырған нәзік жандыларға гүл шоқтары тарту етілді.