Шошқа фермасында 4 жұмысшы қайтыс болды
1 тамыз сағат 23:25-те СҚО Тайынша ауданының полиция бөліміне Новоивановка ауылында орналасқан шошқа өсіру кешеніндегі жұмыс орнынан ауысым аяқталған соң төрт жұмысшы шықпағаны туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлады Полиция.
Алматы, NEGE. Іздестіру шаралары барысында олардың денелері осы кешендегі кәріз құдығының түбінен табылды. Алдын ала анықталғандай, 1966, 1991, 1995 және 2000 жылдары туған жұмысшылар кәріз құдығын тазалау кезінде иістен уланған. Олардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Аталған факті ҚР ҚК 156-бабының 4-бөлігі “Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу” бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптамалар тағайындалды.
Істің барлық мән-жайын зерделеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде, нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.
Оқиға орнында СҚО әкімі Айдарбек Сапаров, әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Тайынша ауданының прокуроры Ғалымжан Әубәкіров пен Полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдинов жағдайды бақылауда.