Шортандыда газ жарылысынан көз жұмған бала ҚР чемпионы болған

Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылысынан зардап шегіп ауруханада көз жұмған 12 жасар бала муайтайдан Қазақстан Республикасының чемпионы болған. Бұл туралы облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлімет етті.

Алматы, NEGE. «Муайтайдан балалар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионы 12 жасар Жарқынбек Оразалының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», - делінген ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, 16 қараша күні Ақмола облысының Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 3 адам көз жұмды, тағы он адам ауруханаға түсті. Оқиға түнгі сағат 22:00 шамасында Шортанды кентінде Линейная көшесі, 28 мекенжайы бойынша орналасқан үш пәтерлі тұрғын үйде болды. Газ баллонының жарылуы салдарынан 3 пәтерлі жеке үй өртеніп, оның бір бөлігі құлады.