Шілдеден бастап Қазақстанда несие алу қиындай түседі
Қазақстанда 1 шілдеден бастап несие беру ережелері өзгереді.
Астана, NEGE. Алдағы өзгерістер туралы бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеген еді. Шілдеден бастап банктер клиенттердің төлем қабілеттілігін қатаңырақ бағалай бастайды, яғни жаңа көрсеткіштер – қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) және қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті (ҚТК) енгізіледі.
«Бұл нормативтер қазір де бар, бірақ біз оларды табысқа тәуелді етіп, неғұрлым нақтырақ реттеуді енгізгіміз келеді. Сондықтан "таза" табыстың болуы өте маңызды – яғни келісімшарттар арқылы өтетін, МӘМС пен зейнетақы аударымдары бар табыс. Сонда банктер сізде шынымен тұрақты түсім бар екенін көріп, тұтынушылық несие болсын, ипотека болсын, автонесие болсын – бәрін өтеуге қабілетті екеніңізді бағалай алады, әрі несиені жеңілдікпен береді. Ал егер "таза" табыс болмаса, яғни жалақы қолма-қол болса, банктер мұндай несиелерді беруге құлықсыз болады. Бұл дұрыс – егер табыс көзін көрмесең, несие бермеуің керек», – деген еді Сүлейменов брифингте.
ҚЖК адамның табысының қандай бөлігі несиелер мен басқа да міндетті төлемдерге кетіп жатқанын көрсетеді. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жаңа несие алу мүмкіндігі соғұрлым төмен болады.
ҚТК көрсеткіші адамның жаңа несиені қаржылық қиындыққа ұшырамай төлей алу мүмкіндігін бағалауға көмектеседі, яғни банктер адамның табысының қанша бөлігі қарыздарға кетіп жатқанын және жаңа несиені өтей ала ма, жоқ па, соны қарайды.
Маңызды өзгерістердің бірі – ресми табысқа басымдық беріледі. Банктер зейнетақы аударымдары мен міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәліметтерге сүйенеді. Егер адамның тұрақты әрі расталған табысы болса, несие алу мүмкіндігі жоғары болады.
Ең алдымен, бұл өзгеріс табысы расталмаған қазақстандықтарға әсер етеді: жалақыны бейресми (қолма-қол) алатын қызметкерлер, еңбек шартысыз жұмыс істейтіндер, тұрақты немесе расталған табысы жоқ азаматтар.
Бұл өзгерістер банктер үшін де, қарыз алушылар үшін де қауіпті азайтуға бағытталған. Кей жағдайда адам жеткілікті табысы болмаса да несие алып, біраз уақыт төлегенімен, кейін қарыз жүктемесін көтере алмай қалады. Жаңа талаптар осындай жағдайлардың алдын алып, несиелеу жүйесін тұрақты етуді көздейді.