9 июня 2025 г. 15:43

ШҚО орманында адасып кеткен зейнеткер аман-есен табылды

Фото: Полиция

ШҚО орманында адасқан зейнеткерді полицейлер мен құтқарушылар аман-есен тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. Шығыс Қазақстан облысында полиция мен төтенше жағдайлар қызметі бірлесіп жүргізген іздестіру жұмыстары нәтижесінде орманда жоғалып кеткен 68 жастағы зейнеткерді бір тәулік ішінде тауып, аман-есен құтқарды. Старая Черемшанка ауылының тұрғыны дәрілік өсімдіктер теру үшін Зимовье ауылына жақын маңдағы орманға барған. Алайда кешке үйіне оралмаған.

Ертеңінде өзі жақындарына хабарласып, адасып кеткенін айтып, көмек сұраған. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері, құтқарушылар, еріктілер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстары дрондар мен радиобайланыс құралдарын пайдалану арқылы кең көлемде жүргізілді. Кешке қарай зейнеткер орман ішіндегі төбе етегінен табылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң туыстарына тапсырылды. Оның денсаулығына қатер төнбеген.

Полиция орманға шыққан азаматтарға қауіпсіздік шараларын сақтауды, бағыттары мен жоспарларын жақындарына алдын ала хабарлауды, сондай-ақ қажет заттар мен байланыс құралдарын алып жүруді ескертеді.