ШҚО-да темір кенін заңсыз өндіріп, 1 млрд теңге табыс тапқан кәсіпкер сотталды

Шығыс Қазақстан облысында «AK Metal» ЖШС басшысы темір кені мен темір кенінің концентратын заңсыз өндіргені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Видеодан кадр/ҚМА

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Тергеу мәліметінше, серіктестікке тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана рұқсат етілген. Алайда кәсіпорын зертханалық және технологиялық зерттеу жүргізу деген желеумен темір кені мен темір кенінің концентратын өнеркәсіптік көлемде өндірген. Кейін оны Қазақстан аумағында және шетелде сатқан.

Жалпы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған. Қылмыстық жолмен алынған табыс 1 млрд теңгеден асқан.

«Кен өндіру жұмыстарының салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, жердің табиғи бедері мен ландшафты өзгерген, тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған. Бұл аумаққа елеулі техногендік зиян келтірген», – делінген ҚМА хабарламасында.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, ЖШС басшысы темір кенін сатудан түскен қаражатқа Land Rover автокөлігін, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай, екі тұрақ орнын және Алматы қаласы мен Алматы облысындағы екі жер учаскесін сатып алған. Құны 1 млрд теңгеден асатын бұл мүлікті сот мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.