ШҚО-да шыққан орман өрті жедел сөндірілді

20 маусым күні Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданына қарасты Синегор орман шаруашылығы аумағында басталған орман өрті толық ауыздықталды.

ШҚО әкімдігі

АЛМАТЫ, NEGE. Алғабас ауылы маңындағы орман алқабынан шыққан түтінді тұрғындар күндіз байқап, дереу тиісті органдарға хабарлаған. Оқиға орнына шұғыл түрде орман күзеті мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жетті.

Өртті сөндіруге 20 орман шаруашылығы қызметкері, 5 арнайы техника және 7 құтқарушы (өрт сөндіру техникасы, дрон және спутниктік байланыс құралдарымен) жұмылдырылды. Қиын рельеф пен өрттің таулы аймақта орналасуына байланысты, Өскемен қаласынан қосымша 12 маманнан тұратын топ көмекке жіберілді.

Сондай-ақ, Ми-8 тікұшағы тартылып, өртті ауыздықтау жұмыстары кезінде 8 рет әуеден су шашты. Арнайы техника мен әуе қолдауының нәтижесінде тілсіз жау таңғы сағат 07:00 шамасында толық сөндірілді. Жалын 0,25 гектар аумақты шарпыған.

Алдын ала болжам бойынша, өрт найзағай түсуінен шыққан.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, барлық қызметтердің жедел әрі үйлесімді жұмысының арқасында өрт кең аумаққа таралмай, өңірдегі құнды орман қорын сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Қазір оқып жатыр

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

Шымкентте TikTok арқылы жүргізуші куәлігін саудалаған ер адам қамауға алынды

Air Astana басшылығына төленетін төлемдер шамамен 6 млрд теңгеге дейін ұлғайған

Зейнетақының 20 пайызын ұстап қалатыны рас па?