ШҚО-да әйел адамды өлтірді деген күдікпен оқушы ұсталды

Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушысы әйелді өлтірді деген күдікке ілінді. Әлеуметтік желіде марқұмның мұғалім болғаны және қылмыстың «Синий кит» интернет-ойынына қатысы болуы мүмкін екені айтылған ақпарат тарады.

shutterstock.com

Астана, NEGE. Облыстық полиция қызметі бұл факт бойынша Зайсан ауданында Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінде (Адам өлтіру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады.

Күдікке ілінген жасөспірім соттың санкциясымен қамауға алынған.

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда, істің толық, жан-жақты және объективті болуын қамтамасыз етуге бағытталған қажетті тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Полицейлер өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейтінін алға тартты.

Бұл ретте полицейлер қылмыстың «Синий кит» интернет-ойынына қатысы болуы мүмкін екені және мұғалім қаза болғаны туралы ақпаратты теріске шығарды.