ШҚО-да алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырған шенеунік 4 жылға сотталды

Өскемен қаласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының бұрынғы орынбасары А. Рахымжанов пен Д. Нұртазин алтынды заңсыз өндіруді ұйымдастырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

pixabay.com

Астана, NEGE. ҚМА мәліметінше, олар алтын өндіру үшін өздеріне бағынысты «EastGoldStone» ЖШС-ны пайдаланған. Бұл серіктестіктің тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана лицензиясы болған. Заңсыз өндірілген алтын көлемі 15 келіден, ал құны 844 млн теңгеден асқан.

Алтын өндіру жұмыстары экскаваторлар, тиегіштер, самосвалдар, сондай-ақ жуу жабдығының көмегімен жүргізілген.

«Тергеу барысында құны 382 млн теңге болатын 6,7 кг алтын мен 579 г күміс тәркіленді», – деп хабарлады агенттік өкілдері.

Бұған қоса қылмыстық әрекеттен қоршаған ортаға елеулі зиян келген –18,2 гектар жер бүлінген. Сонымен қатар заңсыз әрекет барысында мемлекеттік орман қорына жататын ағаштар мен бұталар жойылып, зақымдалған. Экологиялық залалды жоюға қажетті жұмыстардың құны 300 млн теңгеден асқан.

Сот шешімімен құны 372 млн теңге болатын мүлік тәркіленді. Оның ішінде 4 жүк көлігі, 2 экскаватор, 2 тиегіш, гидрожуу құрылғысы, сондай-ақ 10 млн теңге және 56 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша бар. Үкім заңды күшіне енген жоқ.