ШҚО-да алтынды заңсыз өндірді деген күдікпен 63 адам ұсталды

Шығыс Қазақстан облысының аумағында полицейлер құрамында алтыны бар шикізатты заңсыз өндіріп, өңдеумен айналысқан деген күдікпен 63 адамды, сондай-ақ өңір аумағында заңсыз қызметпен айналысқан 13 шетел азаматын ұстады.

Polisia.kz

Астана, NEGE. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, тінту кезінде құрамында алтыны бар шикізат пен алтын, сондай-ақ заңсыз қызметті растайтын құжаттар мен бірнеше автокөлік, арнайы техника және 40 мың АҚШ долларынан астам қаржы тәркіленген.

Полиция өкілдері мәлімдегендей, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру салдарынан топырақ жамылғысына зиян келген, табиғи ландшафт өзгеріске ұшыраған, жер бүлінген. Келтірілген экологиялық залалдың көлемі тағайындалған сараптама аясында анықталып жатыр.

«Бағалы металдардың заңсыз айналымы фактісі, сондай-ақ қылмыстық заңнаманың өзге де баптары, оның ішінде қоршаған ортаға зиян келтіруге байланысты құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оларға түпкілікті құқықтық баға тергеу қорытындысы бойынша берілетін болады», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта жасалған қылмыстың мән-жайлары анықталуда. Сонымен қатар заңсыз схеманың өзге де қатысушыларын әшкерелеуге, құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдарды заң аясында жауапқа тартуға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізілуде.